Жаңа жылу беру маусымына дайындық басталғалы бері Қазақстан бойынша теміржол арқылы 19 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей деңгейде, деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Мәліметке сәйкес, 17,8 млн тонна көмір жылу электр орталықтарына (ЖЭО) жеткізілсе, тағы 1,2 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға жөнелтілген.
Қазір еліміздің өңірлерінде қатты отынның қажетті қоры қалыптастырылған.
Атап айтқанда:
- коммуналдық-тұрмыстық секторда 300 мың тоннадан астам көмір бар;
- жылу электр орталықтарында 4,1 млн тонна көмір қоры жинақталған.
Алдағы жылыту маусымында көмірді тұрақты әрі уақытылы жеткізу үшін арнайы шаралар қолға алынған.
Оқи отырыңыз: "Көміртегі деңгейі нормадан асып кеткен". Алматы-2 вокзалында ауа сапасы сын көтермей тұр
Негізгі міндеттердің қатарында:
- жылу энергетикасы нысандарын көмірмен үздіксіз қамтамасыз ету;
- коммуналдық секторға отынды уақытылы жеткізу;
- жүктеме жоғары кезеңде теміржол инфрақұрылымы мен вагондарды тиімді пайдалану бар.
Жыл сайынғы тәжірибе бойынша күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысында көмір тасымалын үйлестіретін Жедел штаб жұмыс істейді. Штаб тәулік бойы көмір кеніштерінен тиеу жұмыстарын бақылап, бос вагондарды бөлу мен теміржол желісіндегі жүк ағындарын үйлестіреді.
"Көмір жеткізу мерзімін қысқарту үшін жүк жөнелтушілермен бірлесіп маршруттық және тораптық жөнелтілімдерді ұйымдастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қажетті көлемдегі тасымалды қамтамасыз ету үшін "Қазтеміртранс" АҚ-ның иелігінде 29 мың жартылай вагон бар, – делінген хабарламада.
Компанияның мәліметінше, қолда бар вагон паркі жылу электр орталықтарын, коммуналдық-тұрмыстық секторды және өнеркәсіптік кәсіпорындарды көмірмен қамтамасыз етуге жеткілікті.