Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысындағы жантүршігерлік апаттан кейін жүргізушілерге үндеу жасады, деп хабарлады Polisia.kz.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаев жүргізушілер көбінесе жол ережесін елемейтінін мәлімдеді.
Полицейлер ережені сақтау жол қауіпсіздігінің басты шарты екенін атап өтеді.
"Жылдамдық режимін сақтамайды. Қарсы жолға шығып кетіп жатады. Мысалы, 5 маусымда Ақтөбе облысында Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, аударылып кетті", – деді Әлібек Кеңіспаев.
Апатқа дейін оны полиция қызметкерлері тоқтатып, жол ережесін сақтау қажеттігін ескерткен.
"Оқиға салдарынан төрт адам қаза болды. Жүргізушілерді тағы да жолда сақ болуға шақырамын!", – деді Әлібек Кеңіспаев.
Полиция жол апаттарын болдырмау, жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндіру және профилактика жұмыстарын жүргізеді.
Осы мақсатта күн сайын трассаларда шамамен 1,5 мың патрульдік полицей қызмет етеді. Экипаждар 50 шақырым сайын орналастырылған.