Елімізде табиғи жүн мен былғарыдан ойыншық жасап, сатуға тыйым салынады. Өйткені бұл бұйымдар "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің талаптарына сай келмейді. Сондай-ақ, бала денсаулығына кері әсер етеді. Былтырдың өзінде Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 25 түрлі балалар тауарынан зиянды қоспалар анықтаған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Биыл елдегі ойыншықтардың қауіпсіздігін реттейтін регламент өзгереді. Онда табиғи жүн мен былғарыдан, резеңке, картоннан жасалған балалар тауарын өндіру мен сатуға тыйым салынады. Сондай-ақ 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға түйіршік қоспалар қосуға болмайды. Бұдан бөлек, тамақ өнімдерімен бірге жеткізілетін немесе азық-түлікпен бірге сатылатын тауарларды қаптау міндеттеледі.
"Ойыншықтарды қолдану кезінде оның бөлшектері, бұрыштары баланың өміріне, денсаулығына зиян келтірмеуі керек. Немесе төрт жарым киллограмнан артық болмауы тиіс. Негізінен бұл өзгерістердің ішінде бірнеше өзгеріс бар. Енді ол өзгерістер жарты жылдан кейін күшіне енеді", – деді nехникалық реттеу бойынша үйлестіру орталығы басшысының орынбасары Ғалым Мұқыжанов.
Былтырдың өзінде Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 25 балалар ойыншығын тексерген. Және олардың барлығы талапқа сай болмай шыққан. Дені қате таңбаланыпты. Сондай-ақ, құрамында химиялық заттар да жетерлік. Бұл бала жүйкесіне кері әсер етіп, созылмалы ауруларға әкеп соқтырады дейді мамандар.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы Қазақстанда қанша қыз, қанша ұл бала бар?
"Ең көп сәйкес келмейтін ойыншықтар Қытай Халық Республикасына келген ойыншықтар. Бұзушылықтардың негізгі саны 3 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға тиесілі. Оның ішінде тақырыптық, жұмсақ, бейнелі, механикалық ойыншықтар", – деді Алматы қалалық СЭБД техникалық регламент талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Абылайхан Үмбетәлиев.
Шын мәнінде бұл көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі балаларға арналған тауарларға бақылау жасайтын орган әр ойыншықты тексермейді. Тек белгілі бір мөлшерін сатып алып, сараптама жасап, нарықтағы жағдайға баға береді. Сондықтан мамандар ата-аналардың өздері де ойыншықтың сапасын сатып аларда саралағаны абзал дейді.
Оқи отырыңыз: "Қазақша қуыршақтарға шетелден тапсырыс беретіндер көп". Қолөнер шеберімен сұхбат
Мамандар ойыншықтарды арнайы мамандандырылған дүкендерден сатып алған жөн дейді. Себебі, онда сапалы өнімді сатып алу мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ бағасы арзан ойыншықтардың сапасы төмен болуы мүмкін. Сондықтан, таңбасын мұқият зерттеп, сатушылардан өнімге сәйкестік сертификат талап етіңіз.