Жетісу облысында жүк пойызының машинисі теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланы байқап, пойызды тоқтатқан. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 20 қыркүйекте сағат 12:30 шамасында Сарыөзек – Үштөбе учаскесінің Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған.
ҚТЖ мәліметінше, пойыз шамамен 38 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Машинист теміржол маңында жүрген баланы байқап, қызметтік тежеуді қолданып, пойызды тоқтатқан.
Содан кейін машинист баланы локомотив кабинасына мінгізіп, жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған. Машинист баланың амандығына көз жеткізгеннен кейін оны Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырған.
Станция қызметкері баланың ата-анасымен байланысқан. Қазір баланың ата-анасына тапсырылғаны хабарланды.