Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жаңа экономикалық модельге көшу мәселесін талқылап, министрліктер мен өңір әкімдеріне бірқатар шұғыл тапсырма берді. Сонымен қатар жұмыс қарқыны баяу салалар мен жауапты тұлғаларды қатаң сынға алды.
Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бір ай ішінде металлургия саласын ынталандыру тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ "Тау-Кен Самұрықпен" бірлесіп, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру үшін импорттық алтынды ел ішінде аффинаждау жұмыстарын қолға алу қажеттігін айтты. Ал Qarmet компаниясын жаңғырту аясында сұранысқа ие өнімдер түрі кеңейтіледі.
Бектенов әкімдіктерге бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаларға ревизия жүргізіп, олардағы түйткілдерді шешуді міндеттеді.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты Премьер-министр өзінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жұмысты дереу бастауды тапсырды.
Сонымен қатар Алматы электр станциялары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысын ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді. Ол "Самұрық-Энерго" басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа Алматыдағы үшінші ЖЭО құрылысының баяу жүріп жатқанын айтып, егер нысан жыл соңына дейін аяқталмаса, жеке жауапкершілік қаралатынын ескертті.
Көлік министрлігіне "Қазақстан темір жолымен" бірлесіп, жыл соңына дейін "Дарбаза – Мақтаарал" және "Мойынты – Қызылжар" теміржол желілерінің құрылысын толық аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ Көлік министрлігі мен Жасанды интеллект министрлігіне саланың ашықтығын арттыру үшін цифрлық құралдарды енгізіп, оларды Smart Data Transport бірыңғай деректер жүйесіне біріктіру міндеті жүктелді.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясына астық өнімдерін тасымалдау шығындарын өтеу жөніндегі оператор өкілеттігін беру тапсырылды.
Премьер-министрдің айтуынша, экономикалық өсімнің негізгі үлесі әзірге Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды облыстарына тиесілі. Осыған байланысты ол өзге өңірлердің де экономикалық әлеуетін толық пайдалануды тапсырды.
Жиын соңында Олжас Бектенов жоспарланған экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін әрбір министр мен өңір басшысы жеке жауапты болатынын қадап айтты.