Қазақстанда әр отбасының табысы, шығыны және несиелік жүктемесі ескерілетін бірыңғай цифрлық база әзірленіп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жүйе әлеуметтік көмекке шынымен мұқтаж азаматтарды ертерек анықтауға мүмкіндік береді деп есептейді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Министр Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бұл үшін Қаржы министрлігінің, екінші деңгейлі банктердің және кредиттік бюролардың деректері біріктіріледі. Соның негізінде әр отбасының табысы, шығысы және несиелік жүктемесі талданады.
Министрдің сөзінше, жаңа жүйе әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды алдын ала анықтап, оларға атаулы әрі проактивті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
"Банктермен, Қаржы министрлігімен және кредиттік бюролармен интеграциялау арқылы деректердің құрамын кеңейтеміз. Бұл отбасылардың нақты табыстары, шығыстары және қаржылық жағдайын ескеруге мүмкіндік береді", – деді Асқарбек Ертаев.
Министрлік бұл бастама әлеуметтік көмекті әділ бөлуге және нақты мұқтаж емес азаматтардың мемлекеттік қолдауды негізсіз алуына жол бермеуге бағытталғанын атап өтті.
Алайда әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражан мұндай тәсіл халықтың әлеуметтік жағдайын толық көрсете алмайды деп есептейді. Оның айтуынша, банктер мен қаржы ұйымдарының мәліметтері отбасының нақты тұрмыс деңгейін әрдайым дәл бейнелей бермейді, өйткені азаматтардың қаржылық жағдайы уақыт өте өзгеріп отырады.
Сарапшы сондай-ақ азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар да маңызды екенін айтты.
Өз кезегінде министрлік отбасының табысы мен шығыны туралы барлық ақпарат қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қорғалатынын және дербес мәліметтердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.