Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында "ҚазАвтоЖол" компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашевқа жолдардың сапасына қатысты ескерту жасады.
Үкімет отырысында Дархан Иманашев республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жұмыстардың қазіргі ахуалы туралы баяндама жасаған. Алайда Премьер-министр есепте көрсетілген жағдай мен жолдағы нақты ахуал арасында айырмашылық бар екенін айтты.
Олжас Бектенов баяндамада шешілмей жатқан мәселелер толық айтылмағанын атап өтті.
"Баяндама жақсы. Бірақ шешілмей жатқан проблемалық мәселелер өте көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі де сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасы жоқ. Жағдайды түзету керек. Түзетіңіз немесе бұл жұмыспен басқа адамдар айналысады. Ұқтыңыз ба?", – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр бұған дейін жол сапасы мен жөндеу жұмыстарының орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырған. Ресми мәлімет бойынша, жол құрылысы мен жөндеу кезінде технологиялық талаптарды сақтау және жобаларды уақытылы аяқтау маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Бұған дейін "ҚазАвтоЖол" басқарма төрағасы Дархан Иманашев жыл соңына дейін республикалық маңызы бар 2 мың шақырымнан астам автомобиль жолын іске қосу жоспарланғанын мәлімдеген еді.
Қазір жол саласында олардың жағдайын бақылауға арналған цифрлық шешімдер де енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, e-Joldar жүйесі арқылы республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы, қолданылған материалдардың сапасы және жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражат бақыланады. 2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша, жүйеге 41 мың шақырымнан астам жол енгізілген. Үкімет отырысында жолдардың сапасын жақсарту және проблемалық учаскелердегі жұмыстарды жеделдету мәселелері көтерілді.