Respublica фракциясының депутаттары Премьер-министр Олжас Бектеновке елдегі кадр тапшылығы мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Аталған сауалды Құрылтайдың пленарлық отырысында депутат Махамбет Хасенов жария етті.
Фракция жоғары оқу орындарындағы оқыту мерзімін үш жылға дейін қысқартуды ұсынып отыр. Бұл модельді тек даярлау сапасы мен еңбек нарығының сұранысы мүмкіндік беретін білім беру бағыттарына ғана енгізу көзделген. Депутаттардың пікірінше, бұл ретте әр мамандық бойынша жеке талдау жүргізген жөн.
Салалық министрліктің дерегіне сүйенсек, 2035 жылға қарай Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады, оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандықтары. Қазірдің өзінде Enbek.kz порталында 1,3 млн бос жұмыс орны жарияланған болса, оның 75 пайызы білікті мамандарға арналған.
"Жабдықты іске қосатын адам болмаса, инвестиция нақты өндіріске айналмайды", – деді Махамбет Хасенов.
Депутаттың айтуынша, бұл түйткіл өндірістік қуаттардың толық іске қосылмауына, инвестициялық жобалардың кейінге шегерілуіне және еңбек өнімділігінің төмендеуіне тікелей әсер етіп отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың қарызы табысынан екі есеге артты
Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегінше, жұмыс берушілердің 63 пайызы дағдылардың жетіспеушілігін бизнестің дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі ретінде атаған. Сонымен қатар 2030 жылға қарай қызметкерлердің 59 пайызы қайта даярлауды қажет етеді.
Қазақстанда мұндай форматтың тәжірибесі бар: үш жылдық модель Almaty Management University мен Astana IT University-де қолданылып келеді. Депутаттың пікірінше, бұл тәсіл IT, цифрлық технологиялар, маркетинг, сервис және туризм сияқты еңбек нарығындағы сұранысы жылдам өзгеретін салалар үшін өте өзекті.
Осыған байланысты фракция бірқатар нақты ұсыныстарды алға тартты:
- "Атамекен" ҰКП және бизнес өкілдерімен бірлесіп, үш жылдық оқытуға болатын білім беру бағыттарын анықтау;
- триместрлік жүйе, жазғы семестр және дуалды оқыту элементтерін қамтитын пилоттық жобаны іске қосу;
- түлектердің жұмысқа орналасуына салалық министрліктердің жауапкершілігін белгілеу.
"Университеттің басты нәтижесі – нарықта сұранысқа ие маман шығару. Үш жылдық формат – бір жыл ерте жұмысқа шығу, тәжірибе жинау, табыс табу және салық төлеу деген сөз. Кадр даярлау – тек әлеуметтік міндет қана емес, экономикалық өсудің негізгі шарты", – деп атап өтті Махамбет Хасенов.
Сөз соңында фракция Үкіметтен үш жылдық модельді енгізуге болатын білім беру бағыттарының тізбесін және оны іске асыру мерзімдерін анықтауды сұрады.