Қазақстандықтардың қарызы табысынан екі есеге артты

Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Қарыз өтеуге ең көп қаржы жұмсайтындар көшін бастаған Ұлытау облысының халқы берешегін жабуға үш айда 82 мың теңгеден астам ақша жұмсаған.

Бір жылда қазақстандықтардың кірісі 14 пайызға көбейгенімен, қарызды жабуға кететін шығын екі есе артқан. Яғни, жұрт несие мен берешегін өтеуге былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға жуық көп қаржы жұмсап жүр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Жан басына шаққандағы орташа көрсеткішке көз жүгіртсек, қазір қарыз өтеуге ең көп қаржы жұмсайтындар көшін Ұлытау облысы бастап тұр. Өңір халқы несие мен берешегін жабуға үш айдың ішінде 82 мың теңгеден астам ақша жұмсаған. Одан кейінгі орында Қарағанды облысы тұр. Кеншілер аймағындағы тұрғындар – 58 мың теңге шығындаған. Ал Астанада бұл көрсеткіш 48 мың теңгеден асады. Қарызға ең аз қаржы жұмсайтындар – шымкенттіктер екен. Мұнда үш айлық көрсеткіш небәрі 5 мың теңгенің айналасында. Дегенмен, берешегін өтеуге кететін ақша бір жылда 40 пайызға жуық өскен.

"Әрине, қазір халықтың көбі өте көп несие алып жатыр. Сондықтан бұл – болашақта өте қауіпті үрдіс. Олардың табысы өспесе де, несиелері қалады ғой. Ал ол қарыздарды өтеуге міндетті. Сондықтан осындай алшақтық туындап отыр. Бұл өте қауіпті. Болашақта кедей адамдар көбейеді", – деді әлеуметтанушы Айжан Шабденова.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар онлайн-кредит алмас бұрын сауалнама толтырады. Онда қандай сұрақтар бар?


Ал қаржыгерлер қарыз алуды жаман әдетке теңейді. Себебі, көбі қаржыдан қысылғанда мәселенің басқа шешімін іздемей, бірден тұтынушылық несиеге жүгінеді. Осылай жинала берген берешек ақырында қалта көтермейтін қомақты қарызға айналуы мүмкін.

"Ең бірінші шешімдердің бірі – қарыз алуды тоқтату. Кейін бүкіл кірістер мен шығыстарды есептеу керек. Ең алдымен қажетсіз шығындарды алып тастау қажет. Одан кейін табысты әрдайым арттырып отыруға тырысқан жөн. Яғни, негізгі жұмыстан шықпай-ақ, күніне бір-екі сағат арнау арқылы табысты көтеруге күш жұмсау керек. Соның арқасында, "төлем графигі" деген құралды қолданып, қарыздардан арылуға болады", – деді қаржыгер Айбар Машенов.

Бір жағынан, қарыз алмаудың басқа амалы бар ма деген де сұрақ туады. Өйткені ресми статистикаға сүйенсек, қазір Қазақстанда 1 миллионнан астам адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау