Тікелей эфир

Зілзаладан кейін баспанасын сақтандыруға өтініш бергендердің саны бірден 80% артты

Қазақстанда жер сілкінісінен кейін баспаналарын сақтандырғысы келген азаматтардың саны өткен жылмен салыстырғанда бірден 80% артқан.

Сақтандырылған баспаналардың дені ипотекаға алынған үйлер. Әсіресе, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Алматы халқы соңғы бір айдан бері бұл қызмет түріне тапсырыс берушілердің алдыңғы шебінде тұр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр екі айда небәрі 482 нысан сақтандырылса, бұл жолы сан 855-ке жетіп отыр. Бұған дейін мұндай қызмет түріне қызуғушылық танытпаған алматылықтар жалғыз баспаналарын сақтандыру жөнінде ойлана бастағандарын айтады.

Мамандар табиғи апаттардан кейін статистикада өсімнің болатыны қалыпты жағдай екенін айтты. Бұл қызметтің ортақ құны жоқ. Жыл сайын төлейтін соманы есептеу кезінде үйдің құны, сейсмикалық аймағы, салынған жылы және құрылыс материалдары барлығы есепке алынады, сондықтан әркімге әрқалай есептеледі.

"Мүлікті сақтандыру бойынша жақсы қызмет түрлері шамамен үй құнының 0,4-0,5 пайызы болады. Мәселен, баспанаңыз 100 миллион теңгеге бағаланса, онда жыл сайын шамамен 500 мың теңге төлеуіңіз керек. Бұған дейін көбіне мұндай қызметтерді демалысқа кеткендер мен баспанасын уақытша бос қалдырғандар пайдаланатын. Қазір Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты да алып жатыр", – деді Сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы виталий Веревкин.


Оқи отырыңыз: Алматыда таңға таяу тағы да жер сілкінді


Мүлікті сақтандыру бойынша қазіргі уақытта Астана қаласының тұрғындары көш бастап тұр. Сейсмикалық аймақта орналасқан Алматы қаласы екінші орында. Жалпы республика бойынша ел азаматтарының екі пайызға жуығы ғана осындай көмекке жүгінген.

Серіктестер жаңалықтары