Тікелей эфир

Жошы хан, Едіге батыр, Әзілхан Нұршайықов. Нұр-Сұлтан көшелеріне кімдердің есімі беріледі?

Жоба Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының қарауына енгізілді. 

Қала мәслихатының отырысында елорданың ейбір көшелеріне атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар қаралды. Жобаны қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп таныстырды.

Алматы ауданы:

  • А 82 жобалық көшеге – қоғам қайраткерi, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі Мұхамеджан Тынышбайұлының есімін беру.

"Қазіргі Мұхамеджан Тынышбаев көшесі өте қысқа, көпқабатты үйлердің арасында орналасқан. Сондықтан оны Нұрлы Жол теміржол вокзалының жанындағы А 82 жобалық көшеге беруді дұрыс көрдік. Мұхамеджан Тынышбайұлы Түркісіб теміржолына жетекшілік еткен қайраткер болғасын, дәл осы көшені берген де мазмұны жағынан сәйкес келеді", – деп түсіндірді Сәкен Есіркеп.

  • Басқарма басшысы "Сарыарқа" ауданында орналасқан Мұхамеджан Тынышбаев және Иманжүсіп Құтпанов көшелерін біріктіріп, Иманжүсіп Құтпанов көшесі деп қайта атау туралы ұсыныстар қолдау тапқанын айтты.
  • Ал № 23-15 жобалық көшеге – актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың есімін беру. Бұл көше Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының дәл алдында орналасқан.

Оқи отырыңыз: Ақмола, Целиноград, Астана. Енді Нұр-Сұлтан?


Есіл ауданы:

  • Е 11 жобалық көшеге Қазақстанның халық жазушысы, "Ақиқат пен аңыз", "Махаббат қызық мол жылдар" сынды әйгілі классикалық еңбектердің авторы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Әзілхан Нұршайықовтың есімін беру;
  • Е 609 жобалық көшеге көрнекті театр сыншысы, аудармашы, педагог, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері – Әшірбек Сығайдың есімін беру;
  • Е 613 жобалық көшеге 2010 жылы өртенген жерасты бункерін сөндіруге қатысып, қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші – Саят Абеевтің есімін беру;
  • Е 632 жобалық көшеге композитор, күйші, Қазақстанның Халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің есімін беру.

"Ол Құрманғазы атындағы оркестрде қырық жылдан астам қызмет етіп, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл, Мәмен сынды халық композиторларының жарыққа шықпаған біраз күйлерін халыққа тарту етті. Оның еңбегі өнерсүйер қауымның арасында жоғары бағаланады", – деп түсіндірді Сәкен Есіркеп.


Оқи отырыңыз: Алаш зиялыларына ескерткіш орнатуға не кедергі?


  • Е 633 жобалық көшеге – Алаш қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, 1-2 Мемлекеттік Думаның депутаты, шығыстанушы-ғалым Бақтыгерей Құлмановтың есімін беру. Ол ел мүддесі жолында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы сынды ұлт зиялыларымен тізе қосып, қажырлы еңбек еткен.
  • Е 635 жобалық көшеге – полиция капитаны, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімін беру. Ол 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында террористі ұстау кезінде, денесімен гранатаны жауып, өзінің әріптестерін құтқарып, ерлікпен қаза тапқан. 
  • Е 809 жобалық көшеге – Шыңғыс ханның үлкен ұлы, Дешті-Қыпшақ мемлекетінің негізін қалаушы – Жошы ханның есімін беру;
  • Е 585 және Е 865 жобалық көшелерді біріктіріп – әйгілі "Едіге" жырының басты кейіпкері, Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темірдің тұсында өмір сүрген Әмір Едігенің есімін беру. Ол Ноғай Ордасының негізін қалаушы тұлға. Алтын Орданы қалпына келтіруге, оның ықпалын нығайтуға күш салып, үлкен жорықтар ұйымдастырған қолбасшы.
  • Е 586 және Е 875 жобалық көшелерді біріктіріп, әйгілі опера әншісі, педагог, КСРО-ның халық әртісі – Роза Жаманованың есімін беру;
  • Е 589 және Е 611 жобалық көшелерді біріктіріп белгілі ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің есімін беру. Ол Фирдоусидің әйгілі "Шаһнамасын" қазақ тіліне аударған. 
  • Сондай-ақ, Сығанақ көшесі мекенжайында орналасқан "Зеленый квартал" тұрғын үй кешені жанындағы атаусыз саябаққа "Бухарест" атауын беру; 

Аталған ұсыныс Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының қарауына енгізілді. 

Серіктестер жаңалықтары