Тікелей эфир

Алаш зиялыларына ескерткіш орнатуға не кедергі?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Тәуелсіздіктің тұғырын қадап кеткен Алаш қайраткерлері алдында қазақ қарыздар. Бірақ қазір көбіне сіңірген еңбегі ауылынан аспағандардың аты көшеге беріледі.

Алаш автономиясынан Қазақстан Республикасына дейін...

Үш автономиялы мемлекеттің басында да Алаш қайраткерлері тұрды

Алаш автономиясы – қазақтың алғашқы автономиялы, яғни өзін-өзі билеген парламенттік басқару түзіміндегі мемлекеті болатын. Автономия – Ресей империясының күйреуі мен билік таласы басталған азаматтық соғыс кезінде, аумалы-төкпелі заманда құрылды.

Әрине, түрлі мүдделі топтар өз саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін өз автономияларын құруға ұмтылды. Ең маңыздысы – әр жерде ұрандаған алашшыл, халықшыл, түрікшіл тұлғалардың жалғыз ғана мақсаты болды. Ол – өз халқын бостандыққа жеткізу болатын.

Әрбір тарихи өтпелі кезеңге, сол кездегі азаматтық соғыс жағдайларына әртүрлі болжам жасағандықтан,олардың арасында белгілі дәрежеде алауыздық орын алды. Бірақ барлық жағдайда ортақ шешімге келіп, тіл табысты деп айтуға болады.

Алаш автономиясы – бейресми жарияланған мемлекет

"Алаш" партиясының көшбасшылары және мүшелері Қазан төңкерісін қабылдамады. Сонымен 1917 жылы Орынборда жалпықазақтық екінші құрылтай кезінде Алаш автономиясы құрылып, Уақытша Халық Кеңесі құрылды, ол "Алаш-Орда" деп аталды.

Алаш автономиясын құрылғандығын жариялау барысында құрылтай қатысушыларының пікірі екіге жарылды. Дауыс беру кезінде тез жариялау керек деген 33, уақыт өте келе жариялау керек деген 42 депутат болды. Осылайша жариялаусыз қалған мемлекет бейресми түрде жарияланып, қызметін бастап кеткен болатын.


ҚР ҚК Әскери-тарихи мүзейінде "Алаш автономиясының 100 жылдығына" арналған экспозиция көрмесінен

ҚР ҚК Әскери-тарихи мүзейінде ашылған "Алаш автономиясына" арналған экспозиция / Музей қорынан


Түркістан автономиясы

Сонымен бірге 1917 жылы тамызда құрылған Түркістан автономиясы да Алаш мүддесін жоқтады әрі барлық түркі ұлттарын біріктіруді мақсат етті. Алайда мүмкіндігінің шектеулілігіне байланысты және коммунистерінің қуатты қарсылығына тап болып, таратылды. Олардың мемлекетшіл тұлғалары да бірден алашшылдардың қатарына қосылғаны тарихта сайрап тұр.

Алаш қайраткерлері қаншалық тырсса да, тарихи жағдайдың ақыры Кеңес Одағымен бірігуге мәжбүрлегені белгілі. Коммунистердің күшеюі мен қарулы күштерінің көптігі – Алаш автономиясы басшыларын олармен ымыраласуға итермеледі. Ақырында Автономиялы республика ретінде одаққа кіруге келісті. Бұндай қадамға халықты соғыс пен ашаршылыққа ұшыратпау үшін де барған еді.

Қазақ автономиясы

Осылайша, 1920 жылы тамыз айында Қазақ автономиялы республикасы Ресей федерациясы құрамында құрылды.

1936 жылы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы болып өзгертіліп, Кеңес Одағындағы жер жағынан 2 орында, халқының саны жағынан 3 орында тұратын үлкен одақтас республикаға айналды.

Жалпы алғанда, үш автономиялы мемлекеттің басы-қасында жүрген Алаш қайраткерлерінің негізгі тобы – 1917 жылы шілдеде құрылған "Алаш" партиясының көшбасшылары мен мүшелері болатын.

Кеңес билігі әбден нығайып алғаннан кейін, Алаш қайраткерлерінің нысаналы мақсаттарынан тіксінді. Олардан құтылудың қамына кірісті. Сонымен 1936 жылдан бастап қуғынға ұшыратып, түрмеге тоғытты, атты. Алайда Алаш ізбасарлары бәрібір, ашық және жасырын түрде күресті жалғастырып отырды. Ақыры Алаш ұрпақтары аталарының армандаған бостандығының қуанышын да көрді.

1991 жылы Қазақстан Республикасы Кеңес Одағының Конституциясы негізінде, Одақтас республикалардың халқының тілегімен және орталық биліктің шешімімен ешқандай қан төгіссіз Тәуелсіздік жариялады. Алаш автономиясы жаңа ғұмырын осылай жалғастырды.


Алаш-Орда үкіметінің басқа уақытша үкіметтермен байланысын көрсететін карта

Алаш-Орда үкіметінің басқа уақытша үкіметтермен байланысын көрсететін карта / Музей қорынан


Алаш-Орда – Алаш Автономиясы құрған уақытша үкімет

Алаш-Орда – Алаш қайраткерлерінің жалпықазақтық екінші құрылтайдың қаулысымен жарияланған, Алаш Автономиясы мемлекетін басқару үшін құрған уақытша үкіметі. Алаш автономиясын қорғау жолындағы барлық қозғалыстар – Алаш қозғалысы болып саналды.

Әрине бір мақсат, бір ниеттегі барлық алашшыл тұлғалар Алаш атты партия аясында топтасты. Міне бұл бірігу – саяси қуаты аса жоғары алашшылардың жеңісі болатын. Алайда тарихи жағдай мен дала халқының мүмкіндігі шектеулі болды. Әрі анархия мен арандатушылыққа да ұрынды. Территорияның тым үлкендігінен басқаруды шашыратып алғанын да айта кеткен жөн.

Биыл қазақ автономиясына, парламентіне, республикамызға 100 жыл толды

Ендеше, біз Қазақ хандығы құлағаннан кейін, 1847 жылы соңғы хан Кенесары Қасымұлы шейіт болған соң алғаш рет автономияға, мемлекеттілікке, парламенттік биліктегі демократиялы елдікке жеттік.

Бұл – талассыз ақиқат. Алаш автономиясы және Түркістан автономиясына және олар құрған парламенттік билікке 100 жыл толып отыр. Бұндай үлкен мереке атаусыз қалуға тиісті емес.

Билікке де реніш бар

Сұлтан-Хан Аққұлұлы, алаштанушы: "Біздің алғашқы парламенттік-президенттік мемлекетімізге, парламентімізге 100 жыл толды, автономия деген өзін-өзі басқаратын мемлекет деген сөз. Ендеше, біздің автономиямызға, республикамызға 100 жыл толып отыр.

Мысалы, өткен жылы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығы жетім қыздың тойындай ғана болып аталып өтті. Сол жылы Қарағанды облысының әкімі облыстағы бір ауданға Әлихан Бөкейханұлының атын береміз деп уәде еткен болатын. Оған біз жарыла қуандық. Алайда уәде орындалмай қалды. Биыл да солай болуы мүмкін", – деп билікке ренішін білдірді.

Алаш автономиясының 100 жылдығы аталып өтеді ме?

Жоғары жақта осындай шешім шығыпты-мыс. Бұл туралы ашық айтылмаса да, журналистердің құлағына жеткен. Оған сенсек, шара Астана қаласында, қараша айында өтеді.

Әрине, Алаш ардақтылырын ұлықтап, "Алаш" партиясы мен Алаш автономиясының тарихымыздағы алатын орнын сонда бекітуі әбден мүмкін.

Бұл туралы Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев: "Біз Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен азаматтарды құрметтеуіміз керек. "Алаш" қайраткерлері қазақтың аңсап күткен бостандықты патшаның тақтан құлауы әкеледі деп күткен еді. Бірақ олай болмады.

Ұлттық идея үшін адамдар өмірлерін қиды. Бірақ олар тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды одан әрмен күшейте түсті. Бұл бақытты күнге жету – бүгінгі ұрпақ еншісіне бұйырды. "Алаш" аманаты, ол – өзіміздің тарихи-мәдени бірлігімізді сақтау. "Алаш" аманаты – келісімді сақтау және нығайту болып саналады" – деген болатын.


Алаш-Орда үкіметінің басшысы мен мүшелеріне арналған экспозиция

Алаш-Орда үкіметінің басшысы мен мүшелеріне арналған экспозиция / Әскери-тарихи музей қорынан


"Әркім өз шамаларынша қызмет етулері керек"

"Біз үшін үкіметтің қаулысы не үндеуі болуы міндетті емес. Сондықтан "Рухани жаңғыру", "Туған жер", "Киелі Қазақстан" бағдарламалары аясында барлық мерекені атқаруға, тойлауға, ескерткіш қойдыруға әбден болады.

Қазақтардың санының көбейіп, ұлттық рухының өсуі – мұнымен санасу керектігін көрсетеді. Әркім өз орнында, өз ісімен Алаш рухына қызмет етуі керек.

Мысалы, мен 8 сынып тарих оқулығына Алаш автономиясы туралы арнаулы параграф енгіздім. Әлихан Бөкейхановты арнайы таныстырдым. Ертең оны оқыған балалардың алашшыл болатыны анық.

Сонымен бірге "Астана тарихы" атты үш тілде шыққан, EXPO көрмесіне арналған кітапқа да жеті Алаш қайраткерінің есімін енгіздім.

Сұлтан-Хан Аққұлұлы ағамыз өткен жылы Әлихан Бөкейханұлына арнап 15 том кітап шығарды. Диқан ағамыз да Алаш тақырыбында ондаған кітап жазды. Ақжол партиясы жастар арасында жыл сайын шығармашылық бәйге өткізіп келеді" – дейді Ш.Уалиханов атындағы Қазақстан тарих-этнология иниститутының директоры, тарихшы Зиябек Қабылдинов.

Аталмыш институт оқуға қабылданған он екі магистрант пен үш докторанттың сегізіне диссертацияларын Алаш тақырыбына бекіттіріп жатқанын жария етті.

"Алаш зиялыларын қаралауды доғару керек"

"Қазір қоғамда бір жаман үрдіс пайда болды. Яғни, Алаш зиялыларына қатысты тарихи деректерді пайдаланып, тіптен бұрмалап, оларға күйе жағуды бастаған азаматтар бар. Сол арқылы сайттардың рейтингісі көтергісі келгендер де болуы мүмкін. Бұл да – үлкен ыңғайсыз жағдай.

Қандай да болмасын нәрсе бекерден бекер жасалмайды. Сол кездегі тарихи жағдай, саясат – ол кісілерді белгілі қимылдар жасауға мәжбүрлеген болуы мүмкін. Сондықтан кез келген Алаш қайраткерін қаралауды доғару керек. Олардың жаман жағын емес жақсы жағын, халыққа жеткізген пайдалы істерін үлгі ету керек.

Мысалы, кешегі Алаш автономиясының басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынұлын алайық. Ахаң 1920 жылы тамыз айында Қазақ автономиялы республикасы Ресей федерациясы құрамында құрылған кезде Әліби Жангелдиннің қасында отырды ғой. Олардың арасында кей көзқарас қайшылығы болды. Бірақ бірін-бірі бағалап, өзара бірігуге күш салды. Бізге бірлік керек" – дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Диқан Қамзабек.

Естеріңізге сала кетелік, осыған дейін бірнеше азаматтар Әліби Жангелдин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сияқты тұлғаларға арнап, біраз даулы мақалалар жазған болатын.

Көше, мектепке ағайынның атын қойғыштар Алаш зиялыларын ұмытқан

– Мен өткен жолғы бір жиналыста ономастикалық комиссияға ұсыныс айттым, – дейді Диқан Қамзабек. – Қайтыс болғанынан кейін бес жыл өткен соң ғана сол адамның атымен көше, мектептерді атауға болады.

Ал олардың дос-жаран, аға-бауырлары өзінің таныстары мен әкімшілік ресурстарын қосып жүріп, тым тез атау бергізеді. Сонымен осы Алаш арыстары секілді тұлғалар ысырылып қалады.

Әрине, біз оларды білеміз, құрметтейміз, еңбегін бағалаймыз. Алайда бұл дұрыс емес. Әділетсіздік. Мен ең кемі 50 жыл болсын дедім.

Елтаңба авторы Алашқа арнап, Мемориал орнатуды ұсынды

Жандарбек Мәлібековтің пікірінше, Астанадағы көне қабырстанға Алаш қайраткерлеріне арнап еске алу мемориалын орнату керек.

Ол жерге Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов жерленген, әрі онда Ақмола бекінісін тартып алу соғысы кезінде шәйт болған Кенесары хан сарбаздарының қорымы жатыр.

Қорым қазір елорданың жаңадан құрылған арнаулы мекемесі – Астана қаласы тарихи мұралар дирекциясының қарамағына беріліпті. Аталмыш дирекция қызметкері Құрманғазы Айтмырзаевтың айтуынша, ондай мемориал орнату үшін – заңға сәйкес мемлекеттік құзіретті орындардан рұқсат алу керек. Оның үстіне арнаулы жоба жасалып, ол Астана қаласының Сәулет-құрылыс мекемесінің бекітуінен өтіп, бас қаланың бас жоспарына енуі керек екен. Ал бұның ұзаққа созылатыны анық.

Мемориалды қаржыландыратын кәсіпкерлер де бар

"2016 жылы бірнеше жеке кәсіпкер осы мәселе бойынша бізге келді. Егер рұқсат берілсе, олар керемет мемориал жасағысы келеді. Меніңше "Туған жер" және "Киелі Қазақстан" қатарлы бағдарламалар аясында да орындауға болады" – дейді Диқан Қамзабек.

Әзербайжан автономиясына әлдеқашан ескерткіш орнатып қойыпты

– 1918 жылы құрылып, 1920 жылы Кеңес Одағына кірген Әзербайжан халық Республикасына арнаулы үлкен ескерткіш орнатты. Тіптен оқу комиссариаттарының әрбір мүшесіне дейін ескерткіш қойылған. Парламентінің 90 жылдығын да атап өткен, – дейді тарихшы, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгеровтың немересі Қайырбек Кемеңгер мырза Бакудегі іс-сапарын еске алып.

"Алаш қалада" Әлиханға ескерткіштің қойылуы – үлкен қуаныш

Алаш автономиясының астанасы – "Алаш қала" атанған Семейде 2017 жылы 22 қыркүйекте Алаш-Орда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханұлына ескерткіш қойылды.

Аталмыш шара Алаштың жоғын жақтаған зиялы қауым өкілдері мен қарапайым халықты бір қуантып тастады.

Алаш автономиясы қалай құрылды?

Алаш автономиясын – 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ құрылтайында жарияланған қазақ халқының ұлттық-территориялық мемлекеттігі. Қазақтың әр жерінен Алтай мен Самарқанд қалалаларынан 81 делагат қатысып, 15 адамнан құралған Алаш-Орда үкіметі құрылды.


1920-1929 жылдардағы Қазақстан жерінің картасы

1920-1929 жылдардағы Қазақстан жерінің картасы / Жеке мұрағаттан


Сайлау қорытындысы бойынша 79 дауыстан 40 дауыс жинаған Ә.Бөкейхан Алашорданың төрағасы болып сайланды. Бұдан соң оқу комиссиясының құрамына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Е.Омаров, Б.Сәрсенов, Т.Шонанов сайланды. Бұл құрылтай ғасыр басынан бергі ұлт-азаттық қозғалысының ұлы қорытындысы болды.


Алаш-орда оқу коу комиссиясы

Алаш-Орда оқу комиссиясы / Қайырбек Кемеңгердің жеке мұрағатынан


Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды:

Сібір автономиясы;

Түркістан автономиясы және Оңтүстік-шығыс Одағы туралы;

Қазақ-қырғыз автономиясы;

Милиция туралы;

Ұлт кеңесі;

Ұлт қазынасы;

Мүфтилік мәселесі;

Халық соты;

Ауылды басқару және азық-түлік мәселесі.

Алғашқы баяндаманы Ә. Бөкейхан жасап, ол жөнінде қаулы қабылданады. Қаулыда — қазақ автономиясы, милиция (жасақ) және Ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады. Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов автономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды.

Баяндама бойынша құрылтай бірауыздан қаулы қылады:

…қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Русия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң, халық арасы бұзылып, пышақтасып кететіндігі, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен күнге халықтың күйі нашарлауын және бұл бүліншілік біздің қырғыз-қазақтардың басына да келуін мүмкін деп ойлап, бүкіл қазақ-қырғызды билейтін үкімет керектігін ескеріп, съезд бір ауыздан қаулы қылады:
1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы, Амудария бөліміндегі, Закаспий облысындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы іргелес жатқан қазақ болыстарының жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;
2) қазақ-қырғыз автономиясы — "Алаш" [2] деп аталсын…
3) Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі — суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын…
5) Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бүкіл мекемеде санына қарай орын алады…
6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесі құрылып, мұның аты "Алаш орда" болсын. Алаш ордасының ағзасы (мүшесі) 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы орыс және басқа халықтарға қалдырды.
Алаш орданың уақытша орны — Семей қаласы.
Алаш орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады…

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары