Тікелей эфир

Жамбыл облысындағы жарылыста жоғалған Бауыржан Дәуітбаевтың сүйек қалдықтары табылды

Молекулярлық-генетикалық сараптама сүйек қалдықтарының Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсеткен.

Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегінің қалдықтары табылып, анықталды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

"Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылғы 26 тамыздан бастап жүргізілді. Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті" делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келген.

Министрліктің хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша 5 жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылды. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты.


Оқи отырыңыз: Жамбылдағы жарылысқа жарты жыл: жоғалған Бауыржан Дәуітбаевты іздеу уақытша тоқтатылған


Сонымен қатар, марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі.

Серіктестер жаңалықтары