Жетісайда күдіктінің ауласынан іс-түссіз жоғалған әйелдің мәйіті табылды

Фото: Informburo
Фото: Informburo
Қара жамылған отбасы қызының қарызын бірнеше мәрте сотты болған ауылдасынан сұрағанын айтады.

Түркістан облысы Жетісай ауданында жалғызбасты әйелді азаптап өлтірген. Марқұмның туыстары 38 жастағы Әйгерім Әжікееваны ауыл азаматы зорлап, соққыға жыққан деп отыр. Жоғалған келіншекті жақындары жер-көктен іздеп, екі аптадан кейін күдіктінің ауласынан тапқан, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Қолы сыртқа шығып қалған. Үйдің артына көміп, үстіне топырақ сеуіп, шөп қойған. Шөптің үстіне атты байлап қойған. Тыржалаңаш көмген, үсті-басының барлығы лай. Мұрнынан қан ағып жатыр. Тілін тістеп алған. Енді қорлықпен өлтірген", – деді марқұмның анасы Мейрамгүл Бердалиева. 

Қара жамылған отбасы қызының қарызын бірнеше мәрте сотты болған ауылдасынан сұрағанын айтады. Бірақ берешекті қайтарудың орнына 37 жастағы азамат қанды қылмысқа барған. Ол жалғызбасты әйелді зорлап, соққыға жығып, қансыраған денесін жерге көміп тастаған, дейді марқұмның жақындары.

"Басы қатты ісіп кеткен. Бүйір, арқа, жауырын түгелдей көгерген. Сараптама қылқындырғанын көрсетіп отыр. Біз оған сенбейміз. Мойнында ешқандай жіптің ізі жоқ. Үш пышақтың белгісі бар. Мойнынан былай көгерген. Ұрған, тепкен. Бір адам өлтірді дегенге сенбейміз. Қылмыскердің қасында екі адам болған. Сол екі адамды табуын талап етеміз", – деді марқұмның сіңлісі Ұлтуар Әжікеева. 


Оқи отырыңыз: Астанада ҰҚК қызметкері терезеден құлап көз жұмды


Қайғыдан қан жұтқан әулет күдіктілердің саны көп болғанына сенімді. Бірақ осы іс бойынша ауылдың жалғыз азаматы қамауға алынып, адам өлтіру бабы бойынша тергелуде.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті, яғни жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Ол бірден қамауға алынды. Алдын ала мәліметтер бойынша, қылмыс тұрмыстық жанжал негізінде болған. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр", – деді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Марқұмның анасы күдіктінің қызынан 10 жыл бойы ақша бопсалап келгенін де жеткізді. Әйгерім Әжікеева тұрмыс құрмаған. Ол көкпар ойыны кезінде сауда-саттық жасап нәпақа тауып келген. 2 және 3 топтағы мүгедектігі бар ата-анасын жалғыз өзі баққан екен. 

Серіктестер жаңалықтары