Үкімет Ақтөбе облысындағы су құбыры желілерінің құрылысына жемқорлардан қайтарылған активтер есебінен 5 млрд теңге бөлді.
Үкіметтің мәліметінше, қаражат Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан топтық су құбырын салуға бағытталады. Жоба Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағынаудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған. Бұл аудандарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, коммуналдық желілерге түсетін жүктеме артып келеді.
Жоба аясында:
- Сарыбұлақ кен орнында 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланады;
- қажетті инженерлік инфрақұрылым салынады;
- топтық су құбыры тартылып, тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі.
"Құрылыс жұмыстары биыл басталады. Жоба іске қосылғаннан кейін Ақтөбе қаласы, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарының елді мекендері тәулігіне 70 мың текше метрге дейін қосымша ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде қарқынды дамып жатқан Ақтөбе қаласының жаңа шағынаудандарына тәулігіне 25 мың текше метр су бағытталады", – делінген хабарламада.
Үкіметтің мәліметінше, Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен қатар 2024–2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның ішінде 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, олардың жалпы құны 226,5 млрд теңгені құрайды.