Жекеменшік мектептерде 60 оқушыға арналған нысанға 600 бала тіркелген фактілер анықталды

Жекеменшік мектептерді қаржыландыру Қаржы министрлігінің құзырына өтті.

Жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қатысты түйткілді мәселелерді шешу мақсатында тиісті қаржы орталығы Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Бұл туралы Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы уақытта өңірлерден жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыруға қатысты шағымдар жиілеген. Осыған байланысты Үкімет қаржы бөлу үдерісін ашық әрі тиімді ету үшін оны толық цифрландыру жөнінде шешім қабылдаған. Бұған дейін өтінімдер қағаз түрінде қабылданып, конкурстар жабық форматта өткізілген.

"Шынымен де жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі туындаған болатын. Өңірлерден шағым көп түсті. Үкімет Оқу-ағарту министрлігіне қарасты болған Қаржы орталығын Қаржы министрлігіне бағынышты етіп, жекеменшік мектептердегі қаржы бөлу процесін цифрландыру керек деген шешім қабылдады", – деді Ержан Біржанов.

Оның айтуынша, 12 қарашадан бастап "Орта білім" атты жаңа ақпараттық жүйе іске қосылған. Бұл платформа арқылы кез келген азамат онлайн режимде қанша өтінім түскенін, олардың қаншасы мақұлданғанын және нақты қандай көлемде қаржы аударылғанын көре алады. Осылайша, қаржы бөлу үдерісі барынша ашық бола түскен.


Оқи отырыңыз: Қазақстан мен FAO мектеп тағамының сапасын арттыру үшін күш біріктіреді


Ержан Біржанов цифрландыру нәтижесінде бірнеше деректер базасы біріктіріліп, бұрын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол ашқан факторлар жойылғанын атап өтті. Бұрын бір оқушыны бірнеше мектепке тіркеу немесе мүлде жоқ оқушыны бар деп көрсету фактілері кездескен. Тіпті жобалық қуаты 60 оқушыға арналған мектепке 600 оқушы тіркеліп, соған сәйкес қаржы бөлінген жағдайлар болған.

Вице-министрдің сөзінше, жаңа жүйе арқылы әрбір оқушының нақты қай мектепте оқитыны өзге деректер базалары арқылы тексеріледі. Бұл бюджет қаражатын үнемдеп қана қоймай, қаржы бөлуде тәртіп орнатуға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар ол бұрын тиісті қаржысын ала алмай келген жекеменшік мектептерге төлемдер жасала бастағанын айтты. 15 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, 847 мектеп цифрландырылып, олардың 765-імен келісімшарт жасалған. Соның ішінде 693 мектепке қаражат толық аударылған. Мереке қарсаңында 46 млрд теңге төленсе, кейін бұл сома 48 млрд теңгеге жеткен.

Ержан Біржанов бұл ақпараттың барлығы ашық жүйеде көрсетілетінін атап өтіп, цифрландырылған тәсіл алдағы уақытта да сақталатынын жеткізді. Оның айтуынша, 2026 жылы да жекеменшік мектептерді қаржыландыру осы цифрлық жүйе арқылы жүзеге асырылатын болады.


Оқи отырыңыз: Абайдың "Толық адам" тұжырымдамасы: Қанша мектеп қамтылды


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары