Қазақстанның барлық қаласында балабақшаларды бірінші қабатқа орналастыру ұсынылды. Мамандардың айтуынша, ата-аналар көптеген балабақша коттедж секілді ғимаратта орналасатындықтан, баласын мемлекеттік бөбекжайларға ауыстырғысы келеді. Мұнымен қатар, жекеменшік балабақшаларда білікті мамандардың аздығы себеп болып отыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Әкімдіктер балабақша салу үшін жер бөліп, инвесторларға көмек көрсетуі тиіс. Инженерлік желілерді де тартып берсе игі еді. Жарық, су мен жылу инвесторларға үлкен демеу болады. Олар да өз кезегінде озық үлгідегі жаңа мектеп пен балабақша салып, мәселені шешуге атсалысады", – деді "Атамекен" ҰКП адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов.
Оқи отырыңыз: 6 жасқа толған балалар балабақшадан мәжбүрлеп шығарылып жатыр. Оқу министрлігі бұған не дейді?
Ал министрлік өкілдерінің пікірінше, құрылыс компаниялары жұмысын бастамай тұрып тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатына балабақша салуды жоспарлауы қажет. Өйткені бизнесмен әу баста-ақ тұрғызып жатқан ғимараттың шамамен неше кісіге арналғанын біледі. Осылайша орта есебін шығарып, білім беру мекемесін қоса алады.
"Біздіңше, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің типтік үлгісін әзірлейтін уақыт жетті. Ғимарат кемі 150 орындық болуға тиіс деп ойлаймыз. Өйткені орын санының аз болуы инвестор үшін де тиімсіз. Сол үшін бүгін архитектор, құрылысшылардың басын қосып, ақылдасып жатырмыз. Соның негізінде шешім қабылдаймыз", – деді ҚР оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаев.
Оқи отырыңыз: Қызылша жұқтырған бүлдіршіндер балабақшаға жіберілмеуі мүмкін
Мұнымен қатар, министрлік білім беру ісіне қатысты заңға бірқатар түзету енгізуді жоспарлап отыр. Соған сәйкес, жекеменшік балабақша қызметкерлері де мемлекет есебінен біліктілігін арттыруға мүмкіндік алмақ. Ал қаржы жергілікті бюджеттен бөлінбек.