Тікелей эфир

Жеке тұлғалардың банкрот екені қалай анықталады?

Жалғыз баспанасы кепілде тұрған азаматтар өздерін банкротпыз деп жарияласа, банк үйді сот арқылы алып, берешегін жаба алады.

Заң жобасы азаматтардың банкроттығын екі жолмен айқындайды. Сот шешімімен немесе сотқа жеткізбей. Ол үшін өзінің қиын жағдайға тап болғанын талапқа сәйкес дәлелдеуі керек, деп мәлімдеді 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

Біріншіден, борышкердің қарыз сомасы 2022 жылы 4,9 миллион теңгеден аспауы маңызды. Табыс мүлдем болмауы керек немесе айлық отбасының әр мүшесіне шаққанда күнкөріс шегінен аспауы тиіс. Яғни 36 018 теңгеден. Бұдан өзге жылжымайтын мүліктің де болмауы шарт. Азаматтар өзін сот арқылы банкротпын деп жариялау үшін де қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден аспауы керек.


Оқи отырыңыз: Өзін банкрот деп жариялаған азаматтарға қандай шектеулер қойылады?


Мұнымен қатар, борышкердің мүлкі аукционға шығарылып, одан түскен қаражат банк алдындағы қарызды жабуға жұмсалады. Бірақ борышкердің жалғыз баспанасы болса, екі түрлі жол қарастырылған. Мысалы, үй кепілде тұрса, кредиторға сот арқылы алуға рұқсат беріледі. Ал кепілде тұрмаса, рұқсат етілмейді. 

"Азамат өзін банкротпын деп жарияласа, кепілдікте тұрған үйі толығымен кредиторға беріледі. Өйткені, бұл ҚР азаматтық кодексінде көрсетілген норма. Заңнама кодекстен бір саты төмен болады. Сол себепті азаматтық кодекстің осы нормаларын қайта қарап, өзгерту керек", – деді халықаралық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә Әжіғалиұлы. 


Оқи отырыңыз: Алимент төлемеген азаматтар өзін банкрот деп жариялай алмайды


Сарапшылар есебінше, бүгін өзін банкротпын деп жариялайтындардың саны шамамен миллион адамға жетеді. Оларға міндетті түрде мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналасу керек деген талап қойылады.

Сондай-ақ, тек банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттікке өтіп кеткен қарыз ғана кешіріледі. Ал қолхат арқылы мойынға ілінген берешек пен салықтық, коммуналдық және де өзге төлем түрінің қарызы сол күйі қалады.

Алимент және бөтеннің денсаулығы мен өмірі үшін төлем де кешірілмейді. Сот арқылы өзгенің денсаулығына зиян тигізгені үшін төленетін өтемақына да азаматтар өзі төлейді. 

Серіктестер жаңалықтары