Қазақстан Жазушылар одағы өзін-өзі қаржыландыратын ұйым. Негізгі табысы – одақ ғимараты мен әл-Фараби атындағы шығармашылық үйін жалға беруден түседі. Бұл туралы Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов ҚазАқпарат басылымына берген сұхбатында айтқан.
Мереке Құлкеновтің түсіндіруінше, одақтың нақты жылдық бюджеті жоқ. Ол одақ ғимараты мен шығармашылық үйін жалға беруден және одаққа қарасты басылымдар алатын мемлекеттік тапсырыстан құралатындықтан, әр жылы әркелкі болады.
"Ешкімге жалынбай, ешкімге алақан жаймай жұмыс істеу үшін бізге 400 млн теңгедей ақша керек. Оны табу өте қиын. Бірақ Қазақстан Жазушылар одағы жұмыс істеп жатыр. Бізді Алматы қаласы өте қатты қолдап отырғанын да айту керек. Мысалы, олар жыл сайын осында тұратын 400 жазушыға стипендия береді. Онымен қоса жыл сайын 250-300 млн теңгеге кітап шығарады. Оның бәрі көмек қой. Өйткені Алматыда тұратын жазушылардың кітаптары шығып жатыр. 2023 жылдан бастап мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиеттің үлесі арта бастады", – деді Мереке Құлкенов.
Оқи отырыңыз:
- 12-20 жастағы дарынды жасөспірімдер Жазушылар одағына үміткер бола алады
- ТҮРКСОЙ жазушылар одағы құрылды, оған бірінші болып Қазақстан төрағалық етеді
Оның сөзінше, қазіргі таңда Жазушылар одағының "Қазақ әдебиетін", "Жұлдызды", "Жалынды", "Просторды" басып шығаратын баспахана алдында қарызы бар. Дегенмен, бұл мәселе мемлекеттік тапсырыс қаражаты арқылы шешілмек. Бұл ретте, Мереке Құлкенов мемлекеттік тапсырысты орындау әдебиет насихатына көлеңке түсіретінін жасырмады.
"Тендер жеңіп алған газетіміз бен журналдарымыздың бәрінде нұсқау бар. Тендерді жеңіп алғаннан кейін белгілі бір тақырыпты ғана жаза алады. Ол тақырыптың әдебиетке қатысы жоқ болуы мүмкін. Қазір осы мәселені көтеріп жатырмыз. Егер "Жұлдыз" немесе "Жалын", "Простор" тендер ұтып алса, тек әдебиетті, оның проблемаларын, қазіргі жай-күйі мен болашағын жазу керек. Қазір тендерлер олай болмай тұр. Түрлі тақырып береді, соны орындауың керек. Осылайша әдебиет екінші планда қалып қояды", – деді Жазушылар одағының төрағасы.