Алматы әкімдігі 14 тамызда қаладағы электрмен жабдықтау жүйесінде болған апатқа байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Әкімдік мәліметінше, энергожүйедегі қуат теңгерімінің апатты бұзылуына байланысты қалаға сырттан берілетін электр энергиясы уақытша өшкен. Қазір барлық қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, қала тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.
"Электр қуатының өшуіне байланысты Алматы метрополитенінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазір метро станциялары жолаушыларды кіргізу және шығару үшін жабық. Электрмен жабдықтау толық қалпына келтіріліп, байланыс рельсіне кернеу берілгеннен кейін метро жұмысы қайта жанданады. Ал медициналық ұйымдар үздіксіз жұмыс режимін сақтап отыр. Ауруханалар мен өзге де емдеу мекемелері дизельді генераторлар және үздіксіз қоректендіру көздері арқылы электрмен қамтамасыз етілген. Ең алдымен жансақтау бөлімдері, операциялық блоктар, қабылдау бөлімдері, өмірлік маңызды жабдықтар мен басқа да маңызды жүйелер резервтік қуат көзіне қосылған. Шұғыл медициналық көмек бұрынғы тәртіппен көрсетіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, электр қуатының үзілуіне байланысты қаланың кейбір аудандарында су қысымы уақытша төмендеуі немесе су беру тоқтауы мүмкін. Әсіресе көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында мұндай жағдай байқалуы ықтимал. Бұл электрмен жұмыс істейтін сорғы станцияларының уақытша тоқтауына байланысты.
"Электр қуаты толық қалпына келтірілгеннен кейін сорғы станциялары іске қосылып, сумен жабдықтау біртіндеп қалыпқа келеді. Сонымен қатар электр желісіне қосылған бірқатар бағдаршам да уақытша істен шыққан. Осыған байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері көлік қозғалысын қолмен реттеп жатыр", – делінген хабарламада.
Алматы әкімдігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын айтып, тұрғындарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.