Астанада өтіп жатқан атом электр станциясын салу мәселелері бойынша қоғамдық талқылауда мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бұл мәселе бойынша референдум өткізу "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының қағидаларына сай келетінін атап өтті.
"Жақында Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум ұйымдастырылады. Сондықтан, бүгінгі жария талқылауда халықты алаңдатқан мәселелер талқыланып жатыр. Фукусимадағы және Чернобыльде болған апаттар туралы айтылды. Бірақ, мұндай жағдайға қарамастан, Жапония да, Ресей де АЭС салудан бас тартқан жоқ. Қазіргі таңда екі елде де атом станциялары кемінде 30 пайыз энергетикалық тұрақтылықты сақтап отыр. Сонымен қатар, күні кеше астанасы Олимпиаданы қабылдаған Францияның 70 пайыз энергетикалық тұрақтылығын АЭС қамтамасыз етіп отыр", – деді Елнұр Бейсенбаев.
Спикер қазір Қазақстанда энергия тапшылығы бар екенін атап өтіп, бұл 10 жылдан кейін ауыр зардаптарға әкелетінін еске салды. Сондықтан, оның пікірінше, қоғамдық талқылау барысында бұл тақырыпты ғылыми тұрғыдан қарастыру керек.
"Әлемде барлық мемлекет көмір жағумен өндірілетін энергиядан бас тартып жатыр. Бізбен көршілес Қытай елін алайық. Осыдан 12 жыл бұрын Бейжің қаласында болдым. Ол кезде қала көшелерінде таза ауа болмайтын, ал қазір ол әлемдегі экологиялық таза қалалардың қатарына кіріп отыр... Бүгінгі талқылауда "түрлі оқыс жағдайлар болуы мүмкін" деген де пікірлер айтылып жатыр. Бірақ, бұл пікірлерге ғылыми тұрғыдан назар аудару қажет. Осы күнге дейін елімізде үш референдум өтті. Олардың бәрі саяси бағытта болды. Қазақ тарихында бірінші рет әлеуметтік, қоғамды мазалайтын мәселе бойынша референдум өтейін деп жатыр. Яғни, бұл мемлекет басшысы айтқан "құлақ асатын мемлекет" қағидасының іске асып жатқанын көрсетеді", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда АЭС салудың экономикалық тиімділігі: әртараптандыру, экспорт пен инвестициялар