Елімізде заңсыз салынған тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың саны азаймай тұр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 300-ден астам ғимаратты бұзу туралы іс сотқа жолданған. Көбінің жерді пайдалану құқығы жоқ. Демек, олар салған ғимараттар мен үйлер алдағы уақытта сүрілуі мүмкін.
Заңгерлердің айтуынша, құрылысқа үлескерлер өз қаржысын құйып үлгерген. Бірақ компаниядан ақшаны қайтарып алу оңай емес. Мамандар тұрғын үй құрылысы толық аяқталғаннан кейін ғана баспана сатып алуға кеңес береді.
Ал өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, елімізде құрылысы тоқтап тұрған 40-қа жуық проблемалық нысан бар. Олар еліміздің тоғыз қаласында бой көтерген. Бірақ көбі Астана қаласында тіркелген екен.
Қазір министрлік заңнамаға өзгерістер енгізуді қарастырып жатыр. Соған сәйкес алдын ала брондау немесе алдын ала сатып алу келісімшарттарына түгелдей тыйым салынады.
"Егер үлескер мен құрылыс салушы арасында тиісті үйді сатып алу қажет болған жағдайда тек қана тұрғын үй заңнамасы аясында келісімшарт жасауға тура келеді. Сонымен қатар айыппұл санкцияларын ұлғайту. Демек, бүгінгі таңда 300 АЕК айыппұл салынса, жаңа заңнама пакеті аясында 2000 АЕК дейін көтеру жоспарланған. Сонымен қатар егер белгілі бір құрылыс салушының үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты болмаса жарнамаға тыйым салу. Бұл өзгерістер тек бірнеше министрлік өкілдерімен бірлесіп құрылған жұмыс тобымен қарастырылып жатыр. Ортақ шешімге келген соң құжат Мәжілістің қарауына жіберілмек", – деді өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басқарма басшысы Біржан Елеусіз.