Ақтөбе облысында заңсыз ломбард қызметін ұйымдастырған күдіктіге қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2020-2025 жылдар аралығында лицензиясыз түрде халыққа тұрмыстық техникасын кепілге алып, қарыз беру ісін жүргізген. Атап айтқанда, ұялы телефондар, теледидарлар, ойын приставкалары мен фотоаппараттар арқылы несие рәсімдеген.
"Уәкілетті органдардың бақылауынан жалтару мақсатында заңсыз қызмет комиссиондық дүкендер ретінде жасырылған. Күдікті қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға тәулігіне 3,7%-ға дейін пайыздық мөлшерлеме белгілеген. Бұл заңмен бекітілген 0,3% шектен 12 есе жоғары. Мысалы, бір клиент 257 мың теңгені 10 күнге алып, комиссия ретінде 51 400 теңге (тәулігіне 2%) төлеуге мәжбүр болған. Ал заңға сәйкес бұл сома 7 710 теңгеден аспауға тиіс еді", – делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 93 млн теңгеден асқан. Сот санкциясымен күдіктінің үш автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Ведомство азаматтарды мұндай заңсыз қаржы ұйымдарынан сақ болуға шақырып, кепілмен қарыз беретін ұйымдардың лицензиясын міндетті түрде тексеруді ұсынды.
USD:
461.7 / 464.5
EUR:
542.0 / 547.0
RUB:
6.01 / 6.13