Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы International Boxing Federation (IBF) тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулынан айырылды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді.
Федерацияның мәліметінше, IBF тарапынан ресми хат жолданған. Онда Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін бокстан шеттетілгені көрсетілген.
Ерденбековтің айтуынша, IBF ережесіне сәйкес кез келген салмақ дәрежесіндегі чемпион өз белбеуін тоғыз ай ішінде қорғауға тиіс. Ал Жәнібек бұл титулды 2026 жылғы 4 шілдеге дейін қорғауы керек болған.
"Қазіргі жағдайға байланысты 2026 жылғы 5 наурызда IBF директорлар кеңесі титулды дереу бос деп жариялау туралы шешім қабылдады", – деді федерация басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан бокс федерациясының президенті бұл жағдай боксшының командасына үлкен сабақ болғанын айтты.
"Федерация президенті ретінде бұл жағдай Жәнібектің командасына үлкен сабақ болды деп есептеймін. Дегенмен ол биыл үлкен рингке бұрынғыдан да күштірек оралып, жақын арада төрт әлем титулын да жеңіп алады деп сенемін", – деді Ерденбеков.
Ал Жәнібек Әлімханұлының командасы IBF қабылдаған шешімге апелляциялық шағым түсіруге ниетті.
USD:
491.5 / 494.3
EUR:
568.0 / 573.0
RUB:
6.17 / 6.29
Пікірлер
Әзірге пікірлер жоқ…