"Асыға күткен жекпе-жек өтпейтін болды". Жәнібек Әлімханұлының командасы жаңа мәлімдеме жасады

Фото: Getty Images
Фото: Getty Images
VADA қазақстандық боксшының бойынан тыйым салынған мельдоний тапты.

Боксшы Жәнібек Әлімханұлы VADA оның бойынан допинг элементтерін тапқаннан кейін оның командасы тағы да мәлімдеме жасап, көптен күткен жекпе-жектің өтпейтінін растады.  

"Бұл жаңалыққа біз қалай таң қалсақ көп жанкүйер де солай таң қалғанын білеміз. Біздің көңіл күйіміз түскеніндей көп жанкүйердің көңіл күйі түскенін сезіп отырмыз. Өйткені тақым қысып тілеулес болып отырған ағайын өте көп. Асыға күткен жекпе-жек өтпейтін болды. Жаңалыққа таң қалдық деген себебіміз VADA-ның бірінші алған анализдері таза деген хабар келген болатын, екінші анализде даулы мәселе бар деген хабар жетті. Екі анализ арасында тамаққа да витаминге де ешқандай өзгеріс жасамадық. Бұл қалай болды екен деп түсінбей отырмыз", – деп жазылған Qazaq style team мәлімдемесінде. 

Дегенмен, команданың менеджерлері мен заңгерлері ескі анализдің екінші нұсқасын да тексерту, зертханадағы мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. 

"Қаншама еңбек, қан мен тер төгілді. 4 айдан бері басқа елдеміз. Шығындар бар. Отбасыдан жырақ. Біз үшін бұл жаңалық оңайға соқпады. Біз әрқашан таза спортты қолдаймыз деп айтып жүретін командамыз. Қазір менеджерлер мен заңгерлер жұмыс жасап жатыр. Қайта анализ тапсырсақ деген өтінішті айттық. Ескі анализдің екінші нұсқасын да тексерту, зертханадағы мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мамандардан хабар күтудеміз", – деді Жәнібек Әлімханұлының командасы. 

Еске салайық, VADA Жәнібек Әлімханұлының анализінен допинг, атап айтқанда мельдоний табылғанын жария етті. Бұл ақпаратты WBO ұйымы да растады. WBO қазіргі уақытта ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын және оның қорытындысы шықпай, қосымша ақпарат берілмейтінін жазды. 

Серіктестер жаңалықтары