Тікелей эфир

Жандарбек Бекшин: Дәрігерлер екпе алу тәртібі туралы WhatsApp топтары арқылы түсіндіреді

Алматыда 1 619 бала вакцина алуға келісім беріп отыр.

Бүгін Алматыда емханаларда балалар мен жасөспірімдерге Pfizer вакцинасын егу басталды. Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар арасында оқушылардың үлесі 11%-ды, мектепке дейінгі балалардың үлесі 4,6%-ды құрайды.

"Сегіз ауданның мәліметін жинадық. Қазірдің өзінде 12 жастан 18 жасқа дейінгі 1 619 бала вакцина алуға келісімін берді. Баласын вакциналауға келісім берген ата-аналардың тізімі бар. Егер бала ата-анасының келісімінсіз екпе алуға келсе, біз ата-анасына хабарласып, келісімін сұраймыз. Әр мектепте оқушылардың ата-анасының аты-жөні, телефон нөмірі бар. Бұл қиындық туғызбайды. Вакциналауға жауапкершілікпен қарауымыз керек. Ата-ананың келісімі болуы тиіс", – деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.

Оның сөзінше, егу пунктілеріне ата-аналар баласымен бірге келе алады. Ата-анасының келісімі бар жасөспірім олардың қатысуынсыз вакцина ала алады.


Оқи отырыңыз: Pfizer екпесін қандай жағдайда алуға болмайды? Мамандар ең өзекті сұрақтарға жауап берді 


Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ата-аналар вакциналауға қатысуы үшін егу пунктілері сенбі-жексенбі күндері де жұмыс істейтінін айтты.

"Емханаларда, медпункттерде қызу дайындық жүріп жатыр. Отбасылық дәрігерлер құжаттарды мұқият тексеріп, вакцина алуға болатынына, қарсы көрсетілімдер жоқ екеніне көз жеткізеді. Сонымен бірге медицина қызметкерлері мессенджерлердегі топтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді", – деді Жандарбек Бекшин.

Баласының вакцина алуына келісім берген ата-аналар тізімі медицина қызметкерлері мен сынып жетекшісінде болады. Ал келер аптада мектептерде вакциналау басталады.

Серіктестер жаңалықтары