Тікелей эфир

Pfizer екпесін қандай жағдайда алуға болмайды? Мамандар ең өзекті сұрақтарға жауап берді

Ата-аналардың шамамен 20%-ы баласына екпе салдыруға келісіп отыр.

Алдағы бірнеше күн ішінде Алматы қаласында 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге Pfizer екпесі салына бастайды. Қалада екпе салдыра алатын 170 мыңнан астам оқушы, емізулі баласы бар 60 мыңнан астам ана және 20 мыңнан астам жүкті әйел бар. Қазіргі сәтте ата-аналардың шамамен 20%-ы баласына екпе салдыруға келісіп отыр. Осы орайда, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мен қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева Pfizer екпесіне қатысты сауалдарға жауап берді.

Оқушылар Pfizer екпесін мектепте салдыра алады. Алматы қаласында екпе арнайы дайындығы бар 20 медициналық ұйымға жеткізіледі. Емхана мектептерден қанша оқушының салдырғысы келетіні туралы мәлімет алып, кейін білім ордасына бригада жібереді. Уақытша екпе салу пунктілерінде екпе бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сай жүзеге асады. Яғни екпені салдыруға келген оқушылар арасында ара-қашықтық сақталып, оларды алдын ала дәрігер тексереді. Кейін бала денсаулығында қарсы көрсеткіштер болмаса, екпе салынады. Міндетті түрде баланың ата-анасының келісімі болуы тиіс. Екпе салғаннан кейін де балаларды жарты сағаттай екінші дәрігер бақылайды.

Pfizer екпесін қандай жағдайда алмаған жөн?

  • белсенді затқа немесе препараттың кез келген басқа компонентіне аллергия;
  • 12 жасқа дейін;
  • жүктіліктің 16-аптасына дейін;
  • инфекциялық ауруға шалдыққан жағдайда екпе салдыруды кейінге қалдыру қажет;
  • созылмалы аурулар асқынған кезде.

Pfizer екпесін салу кестесі қандай?

  • І дозасы – кез келген күні;
  • ІІ дозасы – І компонентін салдырған соң, араға 21-28 күн салып.

Жүкті әйелдер Pfizer екпесін салдыра ала ма?

Бала көтерген әйелдерге екпе салдырған дұрыс. Еуропа мен Ресейде клиникалық зерттеулер жүргізіліп, 20-дан астам мемлекетте жүкті әйелдерге екпе салынып жатыр. Бірақ І, ІІ компонентті жүктіліктің 16-38 аптасында ғана салдырған жөн.

Емізулі баласы барлар Pfizer екпесін салдыру үшін анықтама әкелуі керек пе?

Алдын ала емізулі баласы бар әйелдердің тізімі жасалды. Сәбидің дүниеге келген жылы ескеріледі. Сондай-ақ, педиатр берген анықтама немесе басқа да құжаттар қажет болуы мүмкін.

Екпе қалай сақталады?

Алматы қаласында Pfizer екпесін сақтауға арналған екі арнайы тоңазытқыш бар. Олар екпе сақтау орталығында орналасқан. Әрқайсысының сыйымдылығы – 35 мың доза. Тағы дәл осындай 4 тоңазытқышқа тапсырыс берілді.

Pfizer екпесімен ревакцинация жасауға бола ма?

Sputnik векторлық екпе болғандықтан, кез келген инактив вакцинамен ревакцинация жасауға болады. Алматыда азаматтар Sputnik, Pfizer сияқты екпелермен ревакцинация жасай алады, таңдау бар. Егер керісінше бірінші инактив екпе салдырған болса, онда Sputnik векторлық вакцинасымен ревакцинация жасай алады. Pfizer екпесімен ревакцинация жасағысы келетіндер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, өтінім қалдыруы тиіс. Қосымша доза болған жағдайда ревакцинация жасалады.

Еске салсақ, Қазақстанда ревакцинация 22 қарашада басталатыны туралы хабарлаған едік. Жыл соңына дейін халықтың науқастану тәуекелі жоғары осал тобы екпе алады. Ал жаппай қайта екпе салу 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастау алады.

Серіктестер жаңалықтары