31 арна тілшілері Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ажал құшқан 29 жастағы дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевтің шаңырағында болып, туыстарымен тілдесті. Марқұмның жақындары күдіктінің қылмысқа баруына қызғаныш себеп болғанын айтады. Қамауға алынған азаматтың жұбайы медбике болып жұмыс істеген.
Нұрдәулет Аманғалиевтің қара жамылған анасының айтуынша, ұлына 21 жерден пышақ салынған.
"Адам дұшпанына да, итке де бұлай жасамайтын шығар. Өзі кішкентай бала еді ғой. 21 жерден пышақ салғанша дейін бір адам көрмегені ме? Бәрі қарап тұра берген бе", – деді ол.
Нұрдәулет Аманғалиевтің туыстары ұлының өлімі үшін кешірім бермейтінін айтады.
Ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров марқұмның шабуыл кезінде көп жарақат алғанын алға тартты. Оны Ақтаудан арнайы ұшып келген әріптестері де аман алып қала алмаған.
"Мойын аумағының, кеуде қуысының, қолдарының терең кесілген жарақаты. Ірі-ірі тамырлар зақымдалған болатын және де көп мөлшерде қан жоғалтқан болатын. Шұғыл түрде операцияға алынған болатын. Емдеу шараларына қарамай, әріптесіміз қайтыс болды", – деді Бекболат Ізбасаров.
Өмірін медицинаға арнаған дәрігердің артында боздап ұлы мен қызы қалды. Ол Марат Оспанов атындағы университетте 9 жыл білім алып, бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына қызметке келген.
Полиция қайғылы оқиғаға қатысты "адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Құзырлы органның мәліметінше, күдікті полицияға өз аяғымен барып берілген. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
USD:
500.1 / 503.1
EUR:
595.5 / 599.5
RUB:
6.53 / 6.65
