USD: 473.1 / 477.1
  • EUR: 538.5 / 543.5
  • RUB: 5.65 / 5.77
Тікелей эфир
Алматы +29C
Все города

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп пәндеріне жасанды интеллект элементтері қосылады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
2026 жыл Қазақстанда "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияланды.

Қазақстан жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация кезеңіне қадам басып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та стратегиялық сала ретінде қарастырып, ерекше назар аударып отыр. Жақында ғана президент Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Тоқаев жаңа технологиялардың экономиканы, мемлекеттік басқаруды және қоғамның барлық саласын дамытудағы рөлін атап өтті. 

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновациялық әзірлемелер жаһандық экономиканың жаңа бағытын қалыптастырып отыр. Сондықтан оны дамыту тенденциясы тек технологиялық бәсекемен шектелмеуі керек дейді ол. Оның басты мақсаты – адамзаттың әл-ауқатын арттыру, қауіпсіздік пен тұрақты дамуға қызмет ету. 

Халықаралық сарапшылар жасанды интеллект нарығының алдағы онжылдықта бірнеше есеге өсетінін болжап отыр. Болжам бойынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект индустриясының көлемі 5 триллион долларға жуықтауы мүмкін. Бүгінде көптеген компания жасанды интеллектіні өндіріс, қаржы, медицина және мемлекеттік басқару салаларына енгізуді жоспарлап отыр. Қазақстан да бұл жаһандық үрдістен тыс қалмай, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, IT-мамандар даярлау және инновациялық жобаларды қолдау бағытын күшейтіп келеді.

Қазақстанда да цифрлық технологияларды дамыту бағыты күшейіп келеді. 2026 жыл Қазақстанда “Цифрландыру және жасанды интеллект жылы” деп жарияланды. Сондай-ақ, 2026 жылғы оқу жылынан бастап мектептегі барлық пәнге жасанды интеллектінің элементтері қосылады.

"Жасанды интеллект біздің өмірімізге кірді. Алдағы уақытта да күн тәртібінен түспейді. Сондықтан да жасанды интеллектіні қалай жауапты әрі тиімді пайдалануымыз керек деген сұрақтарға жауап беріп, мұны балаларымызға үйретуіміз керек. Жасанды интеллектіні мектепке енгізу қарапайым ChatGPT ашып қою деген сөз емес. Балаларымыз қазіргі уақытта жасанды интеллектіні кеңінен қолданып жүр. Алайда оны қалай қолданады деген сұрақ туындайды. Дұрыс қолданбаған соң балалар сыни ойлау қабілетінен, қарапайым сұрақтардың өзін құрастыру қабілетінен қалып бара жатыр", – деді білім саласының сарапшысы Асхат Аймағамбетов.

Сондықтан да ол балаларға ең алдымен этика мәселесін, екіншіден академиялық адалдық, үшіншіден экологиялық мәселелерді түсіндіру қажет дейді. 

"Балалар жасанды интеллектіні қай уақытта қай жерде қолдануға болады және болмайтынын, оның қандай жауапкершілігі бар екенін білуі қажет. Берген ақпаратты сол күйінде қабылдамай, сыни тұрғыда талдап, ненің рас, ненің өтірік екенін ажырата алуы керек. Жасанды интеллект – тіл құралы. Оны түсіну үшін біз жақсы мәтіндерді оқып, тани білуіміз керек. Өкінішке қарай, оқу сауаттылығы төмендеп барады. Ал жасанды интеллектіні дұрыс қолдану үшін оқу сауаттылығын арттыру қажет. Мәтіндерді дұрыс түсінуді, сыни ойлауды үйретуіміз керек. Бала мәтінді дұрыс оқи алмаса, түсіне алмаса, ойын жеткізе алмаса, жасанды интеллектке дұрыс промпт бере алмаса, сыни тұрғыда берілген ақпаратты қабылдай алмаса онда жасанды интеллектпен жұмыс істеу өте қиын болады", – деп сөзін түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, былтырғы оқу жылында жасанды интеллект "Цифрлық сауаттылық" және "Информатика" пәндеріне енгізілген болатын.


Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау