Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысында Қазақстан жасанды интеллект технологияларын дамытуды мемлекеттік инвестициялық саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналдыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жыл Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды, деп хабарлайды Ақорда.
Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, алдағы жылдары жасанды интеллект жаһандық экономиканың басты қозғаушы күштерінің біріне айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық саясатта жасанды интеллект технологияларын дамыту ерекше маңызға ие екенін айтты. Оның пікірінше, бұл қайталанатын процестерді автоматтандырып, инвесторларға көрсетілетін қызметтің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Президент ЮНКТАД болжамына сәйкес, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі шамамен 5 триллион долларға жететінін, ал бұл көрсеткіштің бірнеше онжылдық ішінде 25 есеге жуық өсетінін еске салды.
Осыған байланысты Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты күшейтпек. Мемлекет басшысы 2026 жылды Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы деп жариялағанын айтып, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
Президенттің сөзінше, институционалдық негізді нығайту мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастаған.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында алғаш болып озық технологиялар негізінде екі суперкомпьютерді іске қосқанын мәлімдеді.
Президент инвестициялық ахуалды жақсарту үшін цифрлық дәуір талаптарына сай құқықтық негіз қалыптастырылып жатқанын айтты. Оның ішінде жақында қабылданған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы инновацияларды дамытуға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашатынын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жоба әлемдік капитал мен жетекші технологиялық компанияларды біріктіретін ірі цифрлық хабқа айналмақ. Қазірдің өзінде Amazon, G42 және басқа да халықаралық технологиялық компаниялар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр.