Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде Жамбыл апталығы аясында "Жамбыл және түркі әлемі" атты халықаралық онлайн-конференция өтті. Оған Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Болгария, Башқұртстан және Саха Республикасынан танымал жамбылтанушы, әдебиетші, тілші ғалымдар мен оқу орнының білім алушы жастары қатысты, деп хабарлайды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі.
"Биыл Түркістан қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде қабылданған Түркістан декларациясында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мерейтойымен қатар атап өту жөнінде шешім қабылданған болатын. Осыған сәйкес, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Жамбыл мұрасын жас ұрпаққа насихаттауда, ұлы ақын шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосып келеді", – деді ректор Жансейіт Түймебаев.
Ақынның 175 жылдығына орай, ҚазҰУ-дың "Жамбыл" ғылыми-зерттеу орталығының атсалысуымен 10 томдық жарық көрді. Жинақты құрастырушы – белгілі қаламгер, жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы. Жамбыл мұрасын насихаттау үшін тағы бір 10 томдық дайындалу үстінде. Алғашқы төрт томы көрнекті ғалым Жанғара Дәдебаевтың құрастыруымен басылды.
Жақында ХVI халықаралық Анкара кітап көрмесінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай, түрік тіліне аударылған "Көроғлы" дастанының тұсаукесері өтті. Түркі халықтарына ортақ туындының Жамбыл жырлаған нұсқасы енген жинақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Еуразия жазушылар одағына қарасты "Бенгу" баспасының қолдауымен жарық көрді.
"Оқу орнымыздағы "Жамбыл апталығы" аясында кітап және сурет көрмесі, Жамбыл ұрпақтарымен кездесу, жыр кештері ұйымдастырылды. Сүйінбай – Жамбыл кесенесі мен музейіне арнайы экспедиция жоспарланып отыр. Жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаев шығармаларын қайта сараптап, түркі әлеміне ортақ таныммен жаңаша зерделеудің уақыты келді", – деді Жансейіт Қансейітұлы.
ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Жамбылдың 175 жылдығына орай елімізде атқарылған мәдени іс-шараларға шолу жасады. Атап өтсек, биыл ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көптомдықтар жарық көріп, телесериалдар түсірілді. Мерейтойға орай, "Жамбыл – 175" коллекциялық монеталары шығарылды. Көршілес елдер басылымдарында ақын туралы мақалалар жарияланып, шығармалары түрік тіліне аударылып басылды. Сонымен қатар вице-министр абыз ақын мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында көптеген білім ошақтарында ғылыми конференциялар, фестивальдер мен жыр кештері ұйымдастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы конференцияға онлайн қосылып, бауырлас екі елдің қарым-қатынасы деңгейін көтеретін мәдени-рухани байланыстардың өзектілігіне мән берді.
"Бүгінгі конференция ұлы даланың Гомері атанған ақын-айтыскер Жамбыл Жабаевтың рухына тағзым етіп, оның қазақ мәдениетіне және жалпы түркі мәдениетіне қосқан үлесін, үлкен рухани мирасын қайта еске алуымыз, оны дәріптеуіміз тұрғысынан өте маңызды деп есептеймін", – дей келе, елші жыр алыбының түркі әлеміндегі орны мен ақын шығармаларын таныту мен насихаттау тұрғысында Түркияда жүзеге асқан жобаларды таныстырды.
Анкара төрінде, Кечиөрен ауданында кезінде Жамбыл Жабаев көшесі, ақынның ұстазы Сүйінбай саябағы мен ескерткіші ашылғанын хабарлап, бұл игілікті істе Түркияда елшілік қызмет атқарған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың еңбегі зор екенін атап өтті. Жуырда сол көшеге ескерткіш тақтайша орнатылды. Анкарада ХVI халықаралық кітап көрмесі өтіп, оның шеңберінде 10-нан астам кітаптың тұсаукесері жасалды. Олардың қатарында Жамбыл жырлаған "Көроғлы" дастаны да бар.