Әулиеаталық Серік Алпысбаевтың негізгі мамандығы – мұғалім. Ол талай жыл Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы мектеп-лицейде жемісті жұмыс істеді. Десе де, уақыт өте оның кәсіпкерлік саласына деген қызығушылығы арта түскен. Осылайша, Қызыләуіт ауылына қоныс аударған соң, калифорниялық шылаушынды өсірумен айналыса бастайды.
"Қазір тірлік бастаймын деген адамға кедергі жоқ, керісінше мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан бөлінетін қолдау бар, бастысы ниет болса болғаны. Шылаушынның бұл түрі топырақтың құнарын арттырады. Бақша баптайтын шаруалардың көбі біле бермейді. Әсіресе, аудан көлемінде сұраныс аз. Мұндай кәсіп қазір Түркістан облысында қызып тұр. Бақша өсірсең, тіпті шелекке үйге гүл отырғызсаң нәтижесін ұзаққа бармай-ақ көресіз", – дейді Серік Сейітжанұлы.
Жалпы, бұл азамат кәсіп бастау үшін үй іргесіндегі жерді игілігіне пайдалануда. Мұндағы жердің көлемі 20 шаршы метрді құрайды. Калифорниялық қызыл құртты өсіру үшін қорадағы түліктердің қиын пайдаланады. Болашақтағы жоспары жер көлемін үлкейтіп, кәсіпті кеңейту.
"Тыңайтылған топырақтың жарнамасын әлеуметтік желі арқылы өзім таратып отырмын. Тапсырыс берушілер де бар. Қазір литрін 60 теңгеден өткеріп жатырмын. Көтерме саудаға сұраныс берушілер болса, бағасын келісімді", – дейді ол.
Жалпы, калифорниялық шылаушынды өсіретіндер некен-саяқ. Серік қолға алған осынау кәсібін бастамас бұрын тірліктің дәл осы түрімен бұрыннан айналысып келгендер кеңесіне жүгінген көрінеді. Нәтижесінде бизнес жоспар әзірлеп, мемлекет тарапынан берілетін грантты да жеңіп алған.
"Мен өсіретін құрттардың аты "калифорниялық қызыл құрт" деп аталады. Бұл кәсіпті бастамас бұрын ең әуелі осынау істен хабары бар адамдардың ақыл-кеңесін тыңдадым. Естіген, көрген бар мәліметтерді сұрыптап, кәсіптің тереңіне бойладым. Ойлана келе, осы кәсіп түрін таңдадым", – дейді Серік Алпысбаев.
Кәсіпкердің сөзінше, қазіргі таңда құрт өсіруге қызығатын адамдардың саны артқан. Олар Серікке хабарласып, өсіргісі келетінін айтып, неден бастау керектігін сұрайды екен. Өз кезегінде ол "кез келген кәсіпті басамас бұрын оның қиыншылығын да ескеру қажеттігін баса айтамын" дейді. Себебі, әрбір кәсіптің өзіне тән қызығы мен қиыншылығы бар.
"Кез келген адамның табысты кәсіпкер болуына мүмкіндік бар. Бұл ретте мақсатыңыз айқын, жұмысыңыз жүйелі болса жеткілікті. Қиындыққа мойымау керек. Осының бәрін ескерген жөн. Бірден қыруар қаражат табамын деу дұрыс емес. Төзімділік ауадай қажет. Шығынға ұшырасаңыз да, бағытыңыздан таймаған жөн", – қорытындылады сөзін кәсіпкер.