Шу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Гүлнар Тұрлыбекованың айтуынша, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 44 089, майлы дақылдар 116,5 гектар алқапқа егілген. Бұдан бөлек, қант қызылшасы – 1030, картоп – 41, көкөніс дақылдары – 4985, бақша өнімдері – 2430 және мал азығы дақылдары 20 489 гектарға себілген.
Жалпы, биыл 25882 алқап 6132 тонна минералды тыңайтқыштармен өңделсе, 94 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілген. Оның ішінде, 5369 гектар алқап тамшылатып суару, 841,5 гектар алқап жаңбырлатып суару технологиясын пайдаланды. Сондай-ақ, биыл 168 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, шаруалар көктем мезгілінде арзандатылған дизель отынына қол жеткізген.
Аудандағы Қорағаты ауылдық округінде де "Ауыл аманаты" бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда елді мекенде "Юсип – Шу" өндірістік кооперативі құрылып, округтегі бірқатар тұрғындар несиеге қол жеткізіп, тіршіліктерін тіктеген.
Кооператив төрағасы Рафик Ақбердиевдің сөзінше, 3 шаруа қожалығы біріккен ұжым мүшелері 40 гектар алқапқа жоңышқа өсірсе, 40 гектарға жүгері еккен.
"Бұған дейін ауылдастарымызбен бірге өз алдына шаруа қожалығын ашып, тер төктік. Ал "Ауыл аманаты" бағдарламасының шарттары бізге өте қолайлы болды. Нәтижесінде ісіміз алға басты. Қыс айларында мал бордақылаумен айналысамыз. Қазір бұқа өсіріп жатырмыз. Үш жасар бұқалардың бағасы салмағына қарай 900 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады. Әрине, бір ірі қараның мұндай бағаға сатылғаны қуантады. Десе де, ауыл шаруашылығы саласында табыс табу оңай емес. Мәселен, егін ексең, оның тұқымы бар, суаруы бар, күтіп-баптауы – нағыз бейнет. Осы шығындардың бәрін жауып, үстінен өзіңнің үлесіңді көруге тиіссің. Біздің міндет – табыс кілтін таба білу. Қазір біздің кооперативте су жаңа 4 трактор бар. Жаңа техникамен жұмыс істеу өнімділікті арттыра түсті. Алдағы уақытта жүзеге асыратын жоспарларымыз да ауқымды", – деді кооператив төрағасы Рафик Ақбердиев.