Жамбыл облысы Қордай ауданының Бетқайнар ауылдық округінде қатты жаңбыр салдарынан таулы жерлерде сел жүрді, деп хабарлады облыс әкімдігі.
"Жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ. Кейінгі мәліметтер бойынша, жеке аула аумақтарын, сонымен қатар тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ" – делінген хабарламада.
Алдын ала мәліметтер бойынша, "Береке" шаруа қожалығы аумағынан 671 бас ұсақ мал мен 10 бас жылқы суға кеткен. Бүгін бұл мәселені арнайы комиссия нақтылайды
Ағын су салдарынан "Соғанды-Бетқайнар" автожолындағы көпір бүлінген. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің күшімен бекеттер қойылып, жол жүру қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар Қордай ауданының бірқатар елді мекендерінде 17 шілде сағат 18.00-ден бастап қатты жел тұрған. Желдің жылдамдығы - 18-20 м/с, екпіні 25 м/с дейін жеткен.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар елді мекендерде уақытша электр қуаты үзілген. Авариялық қызметтер барлық шақыруға жедел шығып, электр желілерін қосу шараларын атқарды. Қазіргі уақытта Соғанды ауылында (65 үй) ғана электрмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
219 үй мен екі әлеуметтік нысан газдан ажыраған. "ҚазТрансГазАймақ" қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Ауа райына байланысты газға қайта қосу шаралары 18 шілдеге жоспарлануда.
Беріктас ауылында екпіні 43,5 м/с дейінгі қатты жел тіркелді. Қатты жел салдарынан 18 жастағы тұрғынға ескі сарайдың қабырғасы құлаған. Ол аудандық ауруханаға жатқызылды.
Қордай ауданындағы жағдай Жамбыл облысы әкімінің жеке бақылауында.