Тікелей эфир

Жамбыл облысында негізгі капиталға 277,8 миллиард теңге инвестиция тартылған

Өңірде қаңтар-тамыз айлары аралығында экономикалық өсім 4,1 пайызды құраған.

Ал, негізгі капиталға 277,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 702 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 213 миллиард теңгеге 33 жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері жалпы құны 146,7 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асырылып, 674 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Қазіргі таңда аймақта жаңа өңдеу зауыты, ауылшаруашылық техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталық, құм-қиыршық тас шығаратын зауыт, сүт өнімдерін өңдейтін цех іске қосылып, "Жайсаң" мыс-кен орнын игеру жұмыстары басталған. 

Жалпы, облысқа инвестиция тарту кезінде өндіріс орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін инвесторларға аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндіріс орындарын салу көзделген. Жобаға қаржы жалдау төлемдері арқылы қайтару механизмін қолданып,  индустриялық даму қорынан алынған. Сондай-ақ, "Тараз" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы биыл тамыз айында "Тараз" индустриалды аймағы және "Жібек жолы" арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы құны 4,6 миллиард теңгеге 3 жобаны қаржыландырыпты. Жобаларды іске қосу 2024 жылдың соңы мен келесі жылдың басына жоспарланса, бұл жобалардың жалпы құны 6,7 миллиард теңге. Мұнда қарыз алушылардың өз қаражаты – 1,1 миллиард теңге.

Айта кетейік, өңірде өндіріс көлемін арттыру мақсатында "KORCEM" цемент өндіру зауыты, "Karatau Chemicals" пиросульфит өндіру зауыты және "Шатыркөл" байыту фабрикасы сияқты ірі өндіріс орындарын іске қосу көзделуде. Бүгінде "Қазфосфат" ЖШС-мен бірлесіп өндірісті жаңғырту және өнім түрлерін кеңейту үшін инвесторлар іздеу жұмыстары аяқталған. Облыстағы 14 ірі, 25 орта, 832 шағын, барлығы 871 өнеркәсіптік кәсіпорында 44,7 мыңға жуық адам еңбек етуде.

2024 жылдың 7 айының қорытындысымен агроөнеркәсіп кешені саласына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату мақсатында 1 612 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысы бойынша 3 жоба, сыйымдылығы 42 мың тонналық 6 көкөніс сақтау қоймасы, тамшылатып суару бойынша 1 және тері мен жүнді өңдеу бойынша 2 жоба қаржыландырылған. Бұл жобаларды 2025 жылы енгізу жоспарлануда. Сол сияқты 2027 жылға қарай құны 245,4 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны іске асырып, 1 110 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар.

Серіктестер жаңалықтары