Тікелей эфир

Жамбыл облысында мал басын көбейткен шаруалар айыппұл төлеуге мәжбүр

Облыстық прокуратура мұны өріске мал сыймау қаупімен түсіндіреді.

Жамбыл облысының прокуратурасы шаруалардың малын санап, ол жер көлеміне сай болмаса, айып салуға кірісті. Қазірдің өзінде 130 шаруаға артық мал өсіргені үшін 1 миллионнан 7 миллион теңгеге дейін айып қағазы келген, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Жамбыл облысына барған сапарында өңір басшылары шаруаларға жағдай жасалғанын көрсеткен болатын. Төмен пайызбен ақша алып, аз уақытта мал басын көбейткен кәсіпкерлерге мемлекет басшысы да риза болған. Алайда, "мал басын көбейткеніміз үшін айыпты болдық" деген шаруалар отар қой, табын сиыр мен үйір жылқыны үйде ұстауға мәжбүр болып отырғанын айтады. 

"Мемлекет басшылығы мал басын көбейтіңдер дейді. Ал біз көбейтсек, "малдың саны мен жердің көлемі сәйкес келмейді, жерге сыймай жатыр" деп маған 5,5 миллион теңге айып салды", – деді шаруа Болат Тайсеңгіров.

Шаруалар жайылым жерді орман қорынан 10 жылға жалға алған. Байзақ ормандары және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен ескерту алған ел "айып салу – асыра сілтеу" деп есептейді. Қайта қиы тыңайтқыш болатын төрт түліктен қоршаған ортаға зиян жоқ деп санайды. Шопандар онсыз да өрісті өздері үшін тоздырмай көшіп-қонып жүргенін айтады. Ал жауапты мекеме басшылары бұл дауға прокуратураның ескертуі себеп болғанын алға тартады. 

"Мал дәрігерлік инспекцияның мәліметтерімен салыстырып тексере салған. Ол жерде мал басы бар-жоғын анықтамаған. Біз нақты қанша мал бар екенін анықтап, олардың санағы дұрыс емес екенін айтып, прокурорларға қарсы жауап беруіміз керек", – деді Байзақ ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Бауыржан Желеубаев. 

Осылайша, жауапты мамандар прокурорларды кабинетінде отырмай қораға барып қой санауға шақырды. Талап бойынша бір бас малға 7 гектар жер керек. Ал мұндағы шауаларда ең кемінде мың бас қойы бар. Сонда әрқайсына кемі жеті мың гектар жер керек. Ал Байзақтағы орман қорынан 150 кәсіпкерге жайылым беруге жер жетпейді. 

Серіктестер жаңалықтары