Тікелей эфир

Жамбыл облысында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынып жатыр

Келешекте өңірде минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаратын зауыт бой көтереді.

Әлемдегі минералды тыңайтқыштардың жетекші өндірушілерінің бірі "ЕвроХим" компаниясы Жамбыл облысында бірегей химиялық кешен салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруды сәтті жалғастыруда.

Қазіргі уақытта Жаңатас маңында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынуда. Бұл "ЕвроХим" компаниясы бастаған ауқымды жобаның үш кезеңінің екіншісі. Бірінші кезең аясында инвестор жылына 740 мың тонна фосфорит ұнын өндіретін тау-кен кешенін салып, пайдалануға берген еді. Әкелінген металл конструкциялар жергілікті климаттың ерекшеліктерін ескере отырып, беріктігі жоғары металдан жасалған және ауа райының қолайсыздығына, жел мен суыққа төзімді. Сонымен қатар, олар сейсмикалық тұрақты және жеті балдық жер сілкінісіне де төтеп бере алады.

Республиканың атом өнеркәсібі үшін стратегиялық шикізат болып табылатын күкірт қышқылымен қатар, "ЕвроХим" жобаның үшінші кезеңін – минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін зауыт ашуды да іске асырады. Негізгі технологиялық жабдықты сатып алу рәсімдері аяқталуға таяу.  Сарапшылардың айтуынша, салынып жатқан кешен болашақта Қазақстан экономикасының тыңайтқыштар экспортына тәуелділігін қысқартады және елдің ішкі нарығының қажеттіліктерін толық жабады.

"Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауы бойынша, Қазақстандағы егістік жерлердің 70 пайызына дейін іс жүзінде тыңайтылмайды. Мұның себебі қарапайым: тыңайтқыштарды (негізінен импортталған) фермерлер үшін қолданыстағы бағамен сатып алу өте қымбат. Бұл жағдайда жаңа кешендегі тыңайтқыштар өндірісіне инвестиция салу ішкі нарықты қанағаттандыруға көмектеседі. Ал премиум-класты заманауи сапалы тыңайтқыштар өнімділіктің бір жарым-екі есе өсуіне ықпал етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бірнеше жылда негізгі дақылдардың өндірісін екі есеге арттыру міндетін қойып отыр. Ал отандық тыңайтқыштарға қол жеткізу бұл мәселені оңтайлы шешуге жасалған қадам болады", – деді белгілі қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

​Оның айтуынша, жобаның тағы бір жағымды жағы – оның аймақтың әлеуметтік ортасына әсері. Кәсіпорында барлығы 1200-ге жуық адам еңбек етеді, олардың 80 пайызын Қазақстан азаматтары құрайды. Бұл облыс тұрғындарына айтарлықтай көмек.

Еске салайық, 2024 жылдың мамыр айында "ЕвроХим" компаниясы Қытайдың China National Engineering Company (CNCEC) компаниясымен Жамбыл облысында бірегей химиялық кешенді жобалауға, салуға және пайдалануға беру бойынша келісімшарт жасасқан болатын.

Серіктестер жаңалықтары