Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтің сөзінше, күзгі далалық жұмыстар барысында 58287 гектар күздік бидай тұқымы себілсе, жоспар 75950 гектар алқапқа сүдігер дайындалған.
– Аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің пайдалануында жалпы 146654 гектар егістік жер тіркелген. Биыл егістік алқаптың 127230 гектары яғни, жалпы егістік жердің 86,75 пайызына ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жоспарланды. Оның ішінде, 57100 гектары күздік, 65490 гектары көктемгі, 4640 гектары көп жылдық мал азығы. Өткен жылы 52500 гектарға жаздық арпа себілді. Биыл 13 ауылдық округтегі 304 шаруа қожалық 600 гектар жаздық бидай, 100 гектар дәндік жүгері, 6420 гектар мақсары, 600 гектар қант қызылшасын, 570 гектар басты пияз, 22 гектар картоп, 24 гектар бақша, 2570 гектар мал азығы дақылынан жоңышқа септі, – дейді Темірғали Нәдірұлы.
Сондай-ақ ол жергілікті шаруашылықтарға тұқымдарының шығымдылығын аудандық тұқым зертханасына тексертпей сеппеу керектігін қатаң ескертілгенін жеткізді.
– Өткен жылы 5937,4 тонна тыңайтқыштар алынса, биыл 6785,4 тонна тыңайтқышқа тапсырыс берілді. Жыл соңына дейін 46000 гектар егістікке сіңірілетін болады. Бұл аудандағы жалпы егістік жердің 31,4 пайызын құрайды. Осы жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстары мен егін орағына қажетті жанар-жағармайдың көлемі егілетін егістік көлеміне қарай бөлінді. Мәселен, 5956,2 тонна дизель отынының 2609,9 тоннасы көктемгі дала жұмыстарына жұмсалса, 3346,3 тоннасы егін орағы мен күзгі дала жұмыстарына бөлінді. Биыл көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында "Кең дала" бағдарламасы аясында "Аграрлық Кредиттік Корпорациясы" акционерлік қоғамы және аудандық несие серіктестіктері арқылы аудан бойынша 13 ауыл шаруашылығы құрылымдарына 363 миллион теңге несие берілді. Ал, "Кең Дала-2" бағдарламасы бойынша 8 шаруа қожалық мемлекет тарапынан қаржыландырылды, – дейді Т. Биғазиев.
Жауапты маман өз сөзінде орылған егіннің сақталу орындарын да мәлімдеді.
– Бүгінгі таңда ауданда механикаландырылған 34 ток және 18 асфальтталған астық қырманы жұмыс істейді. Сыйымдылығы 30 мың тонналық Малдыбай ауылындағы "Луговой жылқы зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі механикаландырылған астық қабылдау пункті және сыйымдылығы әр түрлі 82 астық қоймалары астықты қабылдап жатыр. Егістік басына жылжымалы дала қостары, су тасушы, өртке қарсы соқалы тракторлар, атты қарауылдар және жеңіл автокөліктер жұмылдырылған. Қазіргі уақытта ауданда 57509 гектар бидай, 52600 гектар арпа дақылы орылған. Егін ору науқанында 160 егін орағы комбайны жұмыс істеуде. Жалпы, биыл қамбаға 166 мың тонна астық бастырылады деп күтілуде, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.