Жамбыл атындағы филармония өнерпаздары Республика сарайында өнер көрсетеді

Фото: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының баспасөз қызметі
Фото: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының баспасөз қызметі
Гала-концерт Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдығына арналады.

20 қарашада Алматыдағы Республика сарайында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының шығармашылық ұжымы гала-концерт өткізеді. 

"Бұл кеш қазақ музыка өнерінің бай мұрасы мен алуан түрлілігін, ұжымдардың жоғары орындаушылық шеберлігін паш ететін нағыз мерекеге айналмақ. Сахна төрінде Нұрғиса Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық академиялық "Отырар сазы" оркестрі, Төлепберген Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, ҚР үрмелі аспаптар оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинететі және белгілі солистер, домбырашылар мен пианистер өнер көрсетеді", – делінген филармонияның хабарламасында. 

Фото: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының баспасөз қызметі

Концерт бағдарламасы ұлттық және әлемдік классикалық музыканың інжу-маржандарын қамтиды. Қазақстанның көрнекті композиторлары Нұрғиса Тілендиевтің, Мұқан Төлебаевтың, Еркеғали Рахмадиевтің, Тілес Қажғалиевтің, Асқар Бестыбаевтың және ұлы әлемдік классиктер Людвиг ван Бетховеннің, Николай Римский-Корсаковтың, Антонио Вивальдидің, Пабло Сарасатенің шығармалары шырқалады.

Көрермендер Нұрғиса Тілендиевтің "Махамбет" күйін, "Өз елім", "Құстар әні", "О, туған жер" әндерін, "Аққу" күйін, сондай-ақ Абайдың "Айттым сәлем Қаламқас" әнін, Мұқан Төлебаевтың "Біржан-Сара" операсынан Мерекелік биді және Людвиг ван Бетховеннің Симфония №9-дан үзіндісін тыңдай алады. Сондай-ақ, домбырашылардың "Баламишка", "Әлқисса" күй тартысы және екі фортепианоға арналған күрделі шығармалар орындалады.

Серіктестер жаңалықтары