Жамбыл облысының Құлан ауылында 25 жастағы жігіттің қаза табуына байланысты марқұмның отбасы Ішкі істер министрінен көмек сұрады. Жақындары қылмысқа ұйымдасқан топтың қатысы болуы мүмкін деп есептеп, отбасына мемлекеттік күзет беруді талап етіп отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Марқұм Ахмет Дүкенбайдың туыстарының айтуынша, жігітке бірнеше рет оқ атылған. Олардың сөзінше, оқтың бірі ауыз тұсынан тиіп, құлақ түбінен шыққан, тағы біреуі арқасынан тиіп, ауыр жарақат келтірген.
Жақындары бұл іске ауылдағы ықпалды қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін деп болжайды. Алайда бұл мәлімдемелерді құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ.
Марқұмның жұбайының айтуынша, жолдасы соңғы уақытта өзін және балаларын сақ болуға жиі ескертіп жүрген. Ал жалғыз ұлынан айырылған әкесі отбасының қауіпсіздігіне алаңдап, мемлекеттік күзет беруді сұрады.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің "Кісі өлтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Полиция қызметкерлерімен күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта қылмысты жан-жақты, толық тергеп-тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деді Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Полиция қазір қылмыстың барлық мән-жайын, соның ішінде оған ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.