Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды жалған инвестициялық платформалар арқылы жасалатын алаяқтықтан сақ болуға шақырды.
Цифрлық технологиялардың дамуы инвестициялық құралдарға қолжетімділікті арттырғанымен, алаяқтар да әлеуметтік желілер мен цифрлық сервистерді өз схемаларында пайдалана бастаған.
Алаяқтықтың кең таралған тәсілдерінің бірі – жалған инвестициялық платформалар. Қаскүнемдер сырттай қарағанда белгілі банктердің, қаржы ұйымдарының немесе инвестициялық компаниялардың ресми сайттарына ұқсайтын ресурстар жасайды. Мұндай платформаларды жарнамалау үшін әлеуметтік желілер пайдаланылады. Алаяқтар аз мөлшерде бастапқы ақша салған жағдайда қысқа уақытта жоғары табыс табуға болады деп сендіреді.
Сенімді арттыру үшін жалған "инвесторлардың" пікірлері, сондай-ақ танымал адамдардың суреттері мен бейнелері қолданылуы мүмкін. Кей жағдайда мұндай контентті жасау немесе өзгерту үшін жасанды интеллект технологиялары пайдаланылады. Алаяқтардың негізгі мақсаты – азаматтарды жалған платформаға кіргізіп, ақша аудартуға немесе жеке және төлем деректерін беруге көндіру.
Агенттік мынадай белгілерге ерекше назар аударуды ұсынады:
- жарнаманың бейресми немесе күдікті аккаунтта жариялануы;
- сілтеменің қаржы ұйымының ресми сайтына емес, басқа ресурсқа бағыттауы;
- қысқа мерзімде кепілдендірілген немесе өте жоғары табыс уәде етілуі;
- азаматты тез шешім қабылдап, дереу ақша салуға итермелеу;
- қосымшаны App Store немесе Google Play-ден тыс жерден жүктеуді талап ету;
- тіркелу немесе шотты толықтыру кезінде банк деректемелерін, SMS-кодтарды және басқа құпия ақпаратты сұрау.
Агенттік инвестициялық компанияға ақша бермес бұрын оның тиісті лицензиясы бар-жоғын тексеруге кеңес береді. Лицензиясы бар қаржы ұйымдары туралы ақпаратты Агенттіктің ресми интернет-ресурсынан қарауға болады. Сондай-ақ күмәнді хабарламалардағы немесе әлеуметтік желідегі жарнамалардағы сілтемелер арқылы инвестициялық платформаға өтпеу керек. Ұйымның ресми сайтын өзіңіз тауып, онда ұсынылған инвестициялық өнім туралы ақпараттың бар-жоғын тексерген жөн.
Агенттік қысқа мерзімде жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға да сақтықпен қарауға шақырады. Кез келген инвестиция белгілі бір тәуекелмен байланысты. Банк картасының деректері, құпиясөздер, SMS-кодтар және шотқа кіруге мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты бөгде адамдарға беруге болмайды.
Егер инвестициялық платформаның сенімділігіне күмән туындаса, ақпаратты тексермей тұрып ақша аудармаған және күмәнді қосымшаларды орнатпаған дұрыс. Қаржылық сауаттылыққа қатысты қосымша ақпаратты Fingramota.kz сайтынан алуға болады.