Алматы қаласында танымал заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан ұсталды. Бұл туралы мегаполистің полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, заңгерге қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр", – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдары нақты қай материалға қатысты іс қозғалғанын нақтылаған жоқ. Алайда соңғы уақытта блогер әлеуметтік желілерде әл-Фараби даңғылында болған, үш адамның өмірін қиған резонансты жол апаты туралы белсенді пікір білдірген. Ол жариялаған видеоларда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің түнгі жарыс ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін екенін айтқан.
Оқи отырыңыз: 3 адамның өмірін қиған жол апаты: Алматы әкімі полицияға қатаң шаралар қабылдауды тапсырды
Аталған жағдайға байланысты полицияда қызметтік тексеріс жүргізіліп, әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс департамент басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты тергеліп жатыр.
Сонымен қатар, Қазақстан Ішкі істер министрлігі шешімімен Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметтерінен босатылды.