Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева FIDE Women’s Circuit 2026–2027 рейтингінде бірінші орынға көтерілді.
Бұл жетістікке ол Норвегияда өткен Norway Chess Women турниріндегі жеңісінің арқасында қол жеткізді. Жарыстағы табысты өнер көрсеткені үшін қазақстандық спортшы 29,7 рейтингтік ұпай еншілеп, жалпы есепте көш бастады. Осылайша Асаубаева бұған дейін рейтингтің бірінші сатысында тұрған үндістандық Вайшали Рамешбабу көрсеткішінен асып түсті. Үнді шахматшысы қазір үшінші орынға сырғыды.
Екінші орынға Қытай өкілі Чжу Цзиньэр көтерілді. Ол Norway Chess Women турнирінде 21,6 ұпай жинап, рейтингтегі жағдайын жақсартты.
Халықаралық шахмат федерациясы – FIDE мамыр айындағы жарыстар қорытындысы бойынша жаңартылған рейтингті жариялаған болатын.
Сонымен қатар FIDE Circuit-тің ашық рейтингінде көшбасшылықты өзбекстандық гроссмейстер Нодирбек Абдусатторов сақтап қалды. Ол жерлесі Жавохир Синдаров алдында аз ғана басымдықпен тұр. Үшінші орында америкалық гроссмейстер Фабиано Каруана орналасқан.
Айта кетейік, FIDE Circuit – әлемнің ең беделді шахмат турнирлерінің нәтижелері бойынша элиталық жарыстарға қатысушыларды анықтайтын рейтингтік жүйе.