Тікелей эфир

"Жайлауға шығатын жолды жапты". Ақсу тұрғындары алтын іздеп жерді қазып тастағандарға шағымданды

Әкімдіктегілер бұл жағдайдан бейхабар екенін айтып ақталды.

Ақсу ауданы Суықсай ауылы тұрғындарының айтуынша, Жетісу облысында белгісіз біреулер алтын кенін жаппай қазып жатыр. Сөздерінше, ауылдан 25 шақырымға жуық жерде тереңдігі 2 метрден асатын шұңқырлар пайда болған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Келіп жерді қазып тастайды. Бұлай жасауға болмайды ғой. Жерді де, жолды да қазып кеткен. Ешкімнен сұрамай, ойына келгенін жасап жатыр", – деді Суықсай ауылының тұрғыны Ғалымбек Сейсебаев. 

Өңір тұрғындары тиісті мекемелердің осы мәселеге қатысы бар ма деп күдіктенеді. Өйткені тау-тасты қопарып қазба байлық іздегендерге бірнеше жылдан бері тосқауыл болмаған.


Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысы Хромтау ауданында алтын іздеушілер тарихи қорымға қауіп төндіріп тұр


"Бұл жұмыстар ұзаққа созылып кетті, тоқтату қажет. Бірінші жыл бұлай болып жатқан жоқ, оны бәрі біледі. Мұны бақылауға алатын тиісті органдар қайда қарап отыр? Жайлауға шығатын жолдың түгін қалдырмады", – деді Суықсай ауылының тұрғыны Сайлау Сексенбаев. 

Аудан әкімінің орынбасары бұл мәселені кеше ғана білгенін айтады. Құқық қорғау органдарына тапсырып, тұрғындар тілегі ескеріледі деп сендірді.

"Мұның барлығы заңсыз жұмыстар. Бізден де, басқа органдардан да рұқсат алмаған. Біздің өзіміз соңғы екі-үш күнде естіп жатырмыз. Бізге ешкім айтпады", – деді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев. 


Оқи отырыңыз: Семей қаласының тұрғыны сақ дәуірінен қалған алтын бұйымдарды тапты


Тұрғындар егер мұнымен заңсыз іс бітпесе, жоғарыға шағымданамыз деп отыр.

Серіктестер жаңалықтары