Ысырапқа жол жоқ! ҚМДБ жаназа мен құдайы астың мәзірін бекітті

Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com
Жаназаға келген адамға тамақ беру – міндет, алайда ысырап жасауға болмайды.

Қаралы жиын - жарыс алаңы емес. Бірақ соңғы жылдары жаназа мен құдайы аста еттің түрі көп, тәттісі мол, дастарханы тойдан кем түспейтін көрініске айналып барады. Осыған тосқауыл қою үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ас берудің тәртібін әзірлеп, мәзірін бекітті. Яғни жаназаға келгендердің дастарханына артық салат, торт, бәліш, жеміс-жидек қоюға болмайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жаназаға келген адамға тамақ беру – міндет, алайда ысырап жасауға болмайды. Сол себепті мүфтият бекіткен мәзірде алты негізгі өніммен шектеледі. Яғни дастарханда наннан – бауырсақ пен шелпек. Сусын ретінде шай мен су. Ыстық тағам – ет немесе палау. Сонымен қатар сары май, тары- талқан, қант пен кәмпит ұсыныс ретінде енгізілген. Тәтті бәліштер, салаттар мен түрлі жемістер бұл тізімде жоқ. 

Адамдар жағдайына қарамай ысырапшылдыққа жол беріп жатады. Әсіресе жаназа жиындарында астың мәзірі тойдағы дастарханнан кем түспейді. Исламда ысырапқа тыйым салынған. Бұл жерде басты мақсат келген жамағатты тамақтандыру ғана. Артық ас беруге, жарыс жасауға болмайды дейді имам Өмірзақ Бекқожа. 

"Жергілікті имамдар осы мүфтияттың осы бекітілген құжатын халыққа жеткізуге бәріміз міндеттіміз. Өзіміздің барлық қазағымыз бір сондай бір тәртіпте бір ізгілікпенен, жаңағы қазаның дастарханын бір ізгілікке түсіреді деген үлкен үмітіміз бар", – деді имам Өмірзақ Бекқожа. 

Қазір бұл талап Арқалық, Павлодар, Абай облысы мен Жезқазған қаласында енгізіліп қойған. Имамдар мен ғалымдардың пікірінше, қара жамылған отбасының үстелінде түрлі тағамдардың болмағаны жөн. Ас - халықтың бір-біріне көрсеткен құрметі мен дұғасы. Ал бәсеке мен ысырап құрметті жоққа шығарады. Сондықтан мүфтияттың бұл шешімі – әрі діни талап, әрі әлеуметтік жауапкершілік. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары