Суда өтетін "Формула-1" халықаралық жарысын Алматы облысында өткізу бойынша келісімге қол қойылды, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Құжатқа облыс әкімі мен жарысты ұйымдастырушы тараптардың өкілдері қол қойды.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Қазақстан – бұл әлем чемпионатын қабылдайтын алтыншы мемлекет атанады. Болжам бойынша, жарысқа шетелден кемінде 5 мың қонақ келеді. Оған қоса, 1 миллиардқа жуық көрермен жарысты тікелей эфирден тамашалайды.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Алматы облысы мұндай деңгейдегі жарыстарды өткізуге дайын. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында "Tengri ultra" марафоны мен "Oceanman" ашық суда жүзу жарысы өткізіледі. Одан бөлек республикалық деңгейдегі түрлі сайыстар ұйымдастырылады.
F1H2O ұйымының басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ями қазіргі таңда чемпионатқа 11 мемлекет қатысатынын айтты. Бұл талабы жоғары күрделі жарыс болғандықтан, мұнда арнайы дайындықтан өткен командалар ғана бақ сынай алады. Чемпионат барысында көрерменнің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі.
VIP-аймақтар, жарысты басқару орталығы, командалардың дайындығына арналған аумақ және медиа орталық қарастырылады. Сондай-ақ отбасылық демалысқа арналған орындар да құрылады. Онда еліміздің мәдениеті таныстырылып, ұлттық тағамдар мен кәдесыйлар ұсынылады. Спорт сайысынан бөлек түрлі мерекелік іс-шаралар жанкүйерлер көңілін көтереді. Жарыстың жабылу салтанатында ауқымды гала-концерт өткізіліп, онда әлемге танымал жұлдыздар өнер көрсетеді.
1414-тен келген код және жалған несие. Алматы облысы полициясы алаяқтардың айла-шарғыларын әшкереледі
Алматы облысы көкөніс шырынының экспорты бойынша республикада көш бастады