Алаяқтардың арбауына түсіп, жылдар бойы жинаған қаржысынан бір-ақ сәтте айырылып жатқан отандастарымыздың саны артуда. Маңдай термен келген зейнетақысы мен өмірлік жиған-тергенін алаяқтардың қанжығасына байлап берген егде жастағы азаматтар бар. Осы орайда Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері тұрғындарға арнайы қайырылып, алаяқтықтың жаңаша түрінен сақтануға шақырды.
Қылмыстық топтар енді қарапайым қоңырау шалумен шектелмейді. Олар WhatsApp желісі арқылы мемлекеттік мекемелердің ресми нышандарын жамылып, азаматтардың психологиясына шабуыл жасауды әдетке айналдырған.
"1414 арқылы келген құпия сан" немесе курьер кейпіндегі алаяқтар
Қаскөйлердің бірінші қадамы – құрбанының сеніміне кіріп, сақтығын бәсеңдету. Бүгінде бұл әдіс өте қарапайым әрі қулықпен жүзеге асырылады.
Іс-қимыл барысы:
Ұялы телефонға қоңырау шалған бейтаныс тұлға өзін "пошта қызметкерімін", "жеткізу қызметінің өкілімін" немесе "коммуналдық мекеме маманымын" деп таныстырады. "Сіздің атыңызға маңызды хат немесе сәлемдеме келді, оны табыстау үшін жүйедегі кодты айтуыңыз қажет" немесе "Су/газ есептегішін тексеруге кезегіңіз келді" деген сияқты сенімді сөздер айтылады. Дәл осы сәтте телефоныңызға 1414 (eGov) порталынан не банк тарапынан растау коды келеді. Олар осы кодты дереу хабарлауды өтінеді.
Жадыңызда ұстаңыз: Қаскөйлердің басты мақсаты – осы 1414 қызметінен келген құпия сандарды білу. Егер сіз бұл кодты айтып қойсаңыз, олар ЖСН-ге және eGov жүйесіндегі жеке кабинетіңізге шектеусіз қол жеткізеді. Бұл сан айтылған бойда қаржылық қауіпке бас тіккеніңізді ұғыңыз.
Өтірік eGov, Ұлттық банк және "Қауіпсіз шот" есебі
Құпия кодты қолға түсірген соң, алаяқтар операцияның екінші, ең қауіпті сатысына көшеді. Бұл – адамды үрейлендіріп, өздігінен шешім қабылдау мүмкіндігінен айыру тәсілі.
Іс-қимыл барысы:
WhatsApp мессенджері арқылы eGov, Ұлттық банк немесе белгілі бір екінші деңгейлі банктің логотипін қойып алған жалған аккаунттардан қоңырау соғылады.
Экранның арғы жағындағы "маман" салмақты үнмен: "Сіздің жеке деректеріңіз бөгде қолға өтіп кетті! Қазіргі сәтте бейтаныс тұлғалар атыңызға ірі көлемде заңсыз несие рәсімдеп жатыр. Қаржыны сақтап қалу үшін шұғыл әрекет етуіміз керек", – деп психологиялық қысым жасайды.
Оқи отырыңыз: Телефон алаяқтары көбейді. Оларды қалай анықтауға болады?
Азамат үрейге бой алдырған сәтте олар "жалғыз шешімді" ұсынады:
- шұғыл түрде банкке барып немесе онлайн қосымша арқылы барынша көп несие алу;
- содан соң алынған қаржыны немесе депозиттегі бар жиған-тергенді алаяқтардан қорғау үшін "қауіпсіз шотқа" немесе арнайы резервтік ұяшыққа аудару.
Шын мәнінде, қаржы жүйесінде "қауіпсіз шот" деген ұғым мүлде атымен жоқ! Бұл – алаяқтардың өзіне немесе олар қызметіне пайдаланатын "дроптардың" картасына аударылатын қаржы. Ақша түскеннен кейін олар "Несиеңіз жойылды" деген өтірік мөрі бар қолдан жасалған құжатты мессенджерге жіберіп, құрбанын тыныштандырып қояды.
"ІІМ, ҰҚК өкілімін": Әскери форма киіп, видеоқоңырау арқылы сес көрсету
Бұл – соңғы төрт жыл бойы толастамай келе жатқан тәсіл.
Іс-қимыл барысы:
Егер азамат олардың айтқанына күмән келтіріп, ақша аударудан бас тартса, іске ІІМ, ҰҚК немесе Қаржылық мониторинг агенттігінің атын араластырады.
- Видеобайланысқа шығу: WhatsApp арқылы бейнеқоңырау соғады. Экраннан погон таққан, полиция немесе ҰҚК киімін киген, артында мемлекеттік ту мен арнайы бейнеленген мекеме белгісі тұрған тұлғаны көресіз. Бұл әдіс кез келген адамның күмәнін сейілтуге есептелген.
- Заңмен қорқыту: Олар: "Тергеу құпиясын жариялауға болмайды. Егер бұл туралы жақындарыңызға айтсаңыз немесе біздің нұсқауды орындамасаңыз, үстіңізден қылмыстық іс қозғалады" деп айбар шегеді.
- Терроризмді қаржыландыру айыбы: Схеманың соңғы, психологиялық соққысы – құрбанды мүлде тырп еткізбеу. Біраз уақыттан соң басқа бір "тергеуші" хабарласып: "Сіз аударған қаражат халықаралық террористік ұйымдарды қаржыландыруға кетті! Жақын арада үйіңізге тінту жүргізіліп, өзіңіз қамауға алынасыз" деп қоқытады. Зәресі ұшқан адам не істеп, не қойғанын білмей, ақшасын өз қолымен ұстатады.
Әлеуметтік желідегі алаяқ жарнамасын қалай ажыратамыз?
Қазіргі таңда қаскөйлер тек телефон соғумен шектелмей, әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, Google) өтірік хабарландырулар таратады. Бұл жарнамаларда "мемлекет тарапынан төленетін өтемақы", "жеңілдетілген несие" немесе "танымал блогердің бағалы ұтысы" туралы айтылады.
Шындықты тексеру жолы:
- кез келген желідегі жарнамалық жазбаның оң жақ үстіңгі бұрышында үш нүкте (...) белгісі болады;
- Соны басқанда "Жарнама беруші туралы" деген бөлім ашылады;
- Осы бөлімге кіру арқылы жарнаманың артында қай компания немесе қай елде тіркелген тұлға тұрғанын көре аласыз. Егер ол жерде шетелдік белгісіз ұйым немесе күмәнді жеке парақша тұрса – бұл анық алаяқтардың әрекеті!
Оқи отырыңыз: Қазақстанда алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болды: ІІМ ескерту жасады
Алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда не істеу керек?
- Дереу жақын жердегі полиция бөлімшесіне барып, ресми түрде арыз тіркеңіз. Барлық түбіртек, скриншот, сөйлескен нөмірлерді дәлел ретінде сақтаңыз.
- Егер сіз белгілі бір блогердің немесе танымал тұлғаның парақшасындағы жарнамаға сеніп алданып қалсаңыз, құқық қорғау органдары анықтаған сол блогерлердің үстінен азаматтық сотқа шағым түсіруіңіз керек. Өйткені өз аудиториясына күмәнді өнімді немесе сілтемені ұсынған блогер де жауапкершіліктен тыс қалмауы тиіс.
Тәртіп сақшылары мен мамандар бұл құбылыстың астарында адам санасын арбайтын жасырын психологиялық қысым жатқанын алға тартады. Осы орайда психолог Жанаргүл Нұржанқызы адам психологиясының терең қалтарыстары мен манипуляцияның сырын түсіндірді.
"Алаяқтар туралы көп айтылады. Бірақ бір нәрсе жиі назардан тыс қалады. Алаяқтар адамның ақшасын емес, ең алдымен оның қауіпсіздік сезімін ұрлайды. Олар сізді сендіруге емес, ойлануға мүмкіндік бермейтін психологиялық күйге түсіруге тырысады. Ұйымдасқан алаяқтық топтар арнайы дайындықтан өтіп, психологиялық ықпал ету тәсілдерін, соның ішінде НЛП-ға ұқсас коммуникациялық әдістерді қолдануы мүмкін. Адам үрейленген сәтте ми шындықты тексеруге емес, қауіптен тезірек құтылуға ұмтылады. Сондықтан алаяқтардың құрбаны тек аңғал адам емес, қатты күйзеліске түскен кез келген адам болуы мүмкін. Ең мықты қорғаныс – жылдам әрекет ету емес, дәл сол сәтте тоқтай білу", – деді психолог Жанаргүл Нұржанқызы.
"Алаяқтар туралы көп айтылады. Бірақ бір нәрсе жиі назардан тыс қалады. Алаяқтар адамның ақшасын емес, ең алдымен оның қауіпсіздік сезімін ұрлайды. Олар сізді сендіруге емес, ойлануға мүмкіндік бермейтін психологиялық күйге түсіруге тырысады. Ұйымдасқан алаяқтық топтар арнайы дайындықтан өтіп, психологиялық ықпал ету тәсілдерін, соның ішінде НЛП-ға ұқсас коммуникациялық әдістерді қолдануы мүмкін. Адам үрейленген сәтте ми шындықты тексеруге емес, қауіптен тезірек құтылуға ұмтылады. Сондықтан алаяқтардың құрбаны тек аңғал адам емес, қатты күйзеліске түскен кез келген адам болуы мүмкін. Ең мықты қорғаныс – жылдам әрекет ету емес, дәл сол сәтте тоқтай білу", – деді психолог Жанаргүл Нұржанқызы.
500 млн теңге: Астанада декреттік төлем мен ипотеканы сылтау еткен алаяқ әйелге үкім шықты
Әлеуметтік желіде – 900-ден астам бейнеролик: Ақмола полицейлері интернет алаяқтарымен күресті күшейтті