Тікелей эфир

Вице-министр: Ауылдық жерлерге барған жас дәрігерлерді қолдау жәрдемақысы 100 АЕК-ке дейін өсті

Марат Шоранов медициналық технологияны бағалау жүйесінің енгізілгенін айтты.

Биылдан бастап ауылдық жерге жұмыс істеуге барған жас медицина мамандарының алғашқы қолдау ретінде алатын жәрдемақысы 30 АЕК-ке өсті. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

"Өңірлердегі әкімдіктермен бірге жастарды әлеуметтік қолдау мәселесін қолға алып жатырмыз. Жаңа ережеге сай енді ауылдық жерге жұмыс істеуге барған жас мамандардың алғашқы жәрдемақысы 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін өсті. (291 000 теңге болды)", – деді Марат Шоранов.

Мұнымен қатар, вице-министр диспансерде ем алып жатқан 2,5 млн науқасты 570 түрлі дәрімен қамтамасыз ету үшін 165 млрд бөлінгенін айтты. Бұдан өзге Қазақстанда медицина ғылымдарымен айналысатын орталықтардың жұмысы жолға қойылып келе жатқанына тоқталды.

"17 ғылыми орталық, 7 ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік жылдары 260 ғылыми-технологиялық бағдарлама мен жоба жүзеге асырылды. Осы орайда, ғылым жетістігін сапалы ету мақсатында медициналық технологияны бағалау жүйесі енгізілді", – деп қосты Марат Шоранов.

Сондай-ақ, ол жыл сайын медицина саласына бөлінетін грант санының өсіп келе жатқанын айтты.

"Қазіргі сәтте медицина саласына баулитын 5 мемлекеттік және 3 жекеменшік ЖОО бар. Мұнымен қатар, 7 көп бейінді университетте медицина факультеті және 91 медициналық колледж жұмыс істеп тұр. Медицина мамандарының санын ұлғайту мақсатында гранттар да көбейе беретін болады. 2021 жылы 4,7 мың бөлінсе, 2025 жылға қарай 5 мыңға жетеді", – деді Мұрат Шоранов.

Еске салсақ, бір жылда аурухана қызметтерінің бағасы 60 пайыз қымбаттағаны туралы хабарлаған едік. Салыстырмалы түрде 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 385,9 млрд теңгеге қызмет көрсетілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,9% көп.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары