Тікелей эфир

Ұзын-сонар кезек: Петропавлда көмірге талас басталды

Әкімдік облыс халқының 50%-ы ғана қысқа қамданып үлгергенін хабарлады.

Еліміздің солтүстігінде тағы да көмірге талас басталды. Петропавлдағы көмір сататын орындарда кешелі бері ұзын-сонар кезек. Әсіресе, Шұбаркөлдің көміріне сұраныс артқан. Тіпті, отынға таласқан тұрғындар мен алып-сатарлар бір-бірімен жаға жыртыса жаздады деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Шұбаркөлдің көмірін сататын орынға ала таңнан ағылған көлік санында есеп жоқ. Бір апта бұрын Петропавлдағы қоймаға небәрі 10 вагон көмір жеткізілген. Тұрғындар оны түске дейін талап әкеткен. Арасында алыс ауылдан келіп, бос қайтқандары да бар.

"Бәрі жанталасып жатыр. Әсіресе, жергілікті халық бой бермейді. Өзім Явленкада тұрамын. Таңғы 4:00тен бері тұрмын", – деді Явленка ауылының тұрғыны Ербол Құдайбергенов.

Көмір алуға келгендер бұл жолы да отынсыз қалудан қорқады. Биыл отынның бағасы да қымбаттаған. Былтыр бір тоннасы 16 мың теңгеге жетпейтін Шұбаркөлдің көмірі қазір 17100 теңге тұрады.


Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында көмір қоры жеткілікті.


"Шұбаркөлдің көмрі бізде ғана бар. Сапасы жақсы болған соң бәрі осыны іздейді. Бәрі бізге келеді", – деді көмір сату орнының басшысы Бақытжан Тұрмұхамбетов.

Қыс жақындап қалса да жұрттың тек 50%-ы ғана қысқа қамданып үлгерген.

"Жаз бойы көмір жатты. Ешкім алған жоқ. Тұрғындар көмір алуға әлі асықпайды. Көбі шамалап қана алып жатыр, өйткені халықтың отын алатын ақшасы жоқ", – деді СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Евгения Островская.

Серіктестер жаңалықтары