Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарды ұялы телефондары мен өзге де электр жабдықтарын электр желісіне қосылған күйі ұзақ уақыт қараусыз қалдыруға заңмен тыйым салуды жоспарлап отыр. Мұндай өзгерісті министрлік "Өрт қауіпсіздігі қағидаларына" енгізбек.
Құзырлы ведомство аталған ереженің тұрғын үйлер мен пәтерлерде өрт қауіпсіздігін сақтау туралы 151-бабын тағы бір тармақпен толықтырады.
Онда "тоқты тұрақты тұтынуды талап етпейтін электр жабдығын электр желісіне қосылған күйде бақылаусыз қалдыруға жол берілмейді" делінген.
Министрліктің түсіндіруінше, соңғы жылдары электр жабдықтарын тұтынушылардың электр желісіне қосылған күйін қалдыру себебінен өрттердің жиілеуі орын алған. Электр жабдығы тоқ желісіне артық уақыт қосылып қалғанда өткізгіштер қызып, ол өрттің тұтануына ұласады.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?
Еске салайық, "Өрт қауіпсіздігі қағидаларына" сәйкес, қазақстандықтар өз пәтерінде келесі талаптарды да сақтауы тиіс:
- балкон мен лоджияда тез тұтанатын, жанғыш сұйықтық, жарылғыш зат, газ баллонын сақтамау;
- төсекте темекі шекпеу;
- балкон, лоджия және терезеден темекi тұқылын лақтырмау;
- тұтанған темекіні қалдырмау.